Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Ақерке Бүркітбай қуанышты жаңалығымен желідегі парақшасында бөлісті.
«Бір кезде анам мен әкем ештеңеге қарамастан бес баланы өсіріп, жеткізуді ғана армандады… Бізге білім беріп, адам қылып тәрбиелеу үшін бар өмірін арнады.
Бүгінде әкеміздің арамызда жоқ болғаны жанға батса да, оның аманатын анамыз абыроймен жалғап келеді. Әр жетістігімізде әкеміздің еңбегі, анамыздың маңдай тері жатыр. Бүгін жүрегім ерекше толқып тұр. Інім Ақсұңқар 18 жасында Алматыдан өз пәтерінің иесі атанды.
Бұл – жай ғана баспана емес. Бұл – ата-анамыздың адал еңбегінің, төзімінің, дұғасының жемісі. Әкеміздің арманының жалғасы. Анамыздың ешқашан мойымаған қайсарлығының нәтижесі.
Көке, аманатыңыз орындалып жатыр. Мама, біз сізбен мақтанамыз. Алла сізге ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық берсін. Бар еңбегіңіздің қайырын, қуанышын көріңіз.
Ақсұңқар, жаңа шаңырағың құтты болсын! Өз үйің әрдайым берекеге, бақытқа, күлкіге толы болсын. Бұл – үлкен өміріңнің алғашқы әрі ең маңызды қадамдарының бірі. Алла үйіңе құт-береке дарытсын!», — деп жазды ол.