«Аузыңа келгеннің бәрін сөйлей беру – демократия емес»: Ермұрат Бәпи әлеуметтік желідегі жауапкершілік туралы айтты - kaz.caravan.kz
  • $ 474.47
  • 541.37
+19 °C
Алматы
2026 Жыл
3 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Аузыңа келгеннің бәрін сөйлей беру – демократия емес»: Ермұрат Бәпи әлеуметтік желідегі жауапкершілік туралы айтты

«Аузыңа келгеннің бәрін сөйлей беру – демократия емес»: Ермұрат Бәпи әлеуметтік желідегі жауапкершілік туралы айтты

Ермұрат Бәпи әлеуметтік желілердің қоғамға ықпалы, сын айту мәдениеті және азаматтық жауапкершілік жайында пікір білдірді.

  • 3 Шiлде
  • 3
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи Abay Live YouTube арнасына берген сұхбатында әлеуметтік желілердің қоғамға әсері, сын мәдениеті және интернеттегі жауапкершілік мәселесіне қатысты ойын айтты.

Оның сөзінше, бүгінде әлеуметтік желідегі хайп пен популизм арқылы танымал болуға ұмтылатындар көбейіп кеткен. Дегенмен, ол бұл құбылыстың уақыт өте келе бәсеңдейтініне сенім білдірді.

“Бізде әлеуметтік желідегі хайп, популизм арқылы тұлға өзін қалыптастыру үрдісі өршіп бара жатыр. Дегенмен, әлеуметтік желінің әсерінен өтеміз деп ойлаймын. Мысалы, Еуропаның көп елдері гаджеттерге, әлеуметтік желілерге байланып қалатын кезеңнен өтіп кеткен. Жаңа Зеландияда жиенім баратын балабақшада күніне екі рет 15 минуттан айпад береді. Оны балалар қарамайды да. Балаларға таңдау береді. “Айпад көресіңдер ме, әлде теледидардан бәріміз галактика туралы кино көреміз бе?” деп сұрағандарына өзім куә болдым. Сонда балалар екіншісін таңдайды. Бес жасар жиенім әлемде қанша планета барын біледі. Сол туралы әңгіме айтады”, – деді депутат.

Сонымен қатар, Ермұрат Бәпи әлеуметтік желіде пікір білдіру әркімнің құқығы болғанымен, оның артында міндетті түрде жауапкершілік болуы керектігін атап өтті. Ол қоғамды дүрліктіріп, кейін жауапкершіліктен жалтарып кету дұрыс емес екенін айтты.

“Әрине, сын айтпа деген тыйым болмау керек. Бірақ сенің сыныңның, дабыраңның артында жауапкершілік болу керек. Артына қиқу қосып, қоғамды дүрліктіріп алып, өзің жоқ болып кетуге, жалтарып шығуға болмайды. Сондықтан әлеуметтік желіде айтылып жатқан пікірдің, сынның артында жауапкершілік болу керек. Парламентте де әлеуметтік желідегі былапыт сөздер туралы талқылау болды. Тыйым салуға қатысты нормалар қабылданды. Әлеуметтік желідегі мұндай теріс үрдіс қоғамның саналық даму формациясынан толық өтіп болмағанының белгісі деп ойлаймын. Аузыңа келгеннің бәрін сөйлей беру – демократия емес. Демократия – заң мен тәртіптен қалыптасады. Заң мен тәртіптің мүмкіндігін талап ете білу – демократия. Мүмкіндіктің шегінде жұмыс істеу – демократия. Ал одан тыс, ары қарай аспандағы айды алып бер деу – монархия. Ол – былық, тәртіпсіздік”, – деді Ермұрат Бәпи.