Қазақстан бензин мен дизель отынын экспорттауға салынған тыйымды тағы алты айға ұзартпақ - kaz.caravan.kz
  • $ 472.03
  • 540.29
+30 °C
Алматы
2026 Жыл
7 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстан бензин мен дизель отынын экспорттауға салынған тыйымды тағы алты айға ұзартпақ

Қазақстан бензин мен дизель отынын экспорттауға салынған тыйымды тағы алты айға ұзартпақ

Энергетика министрлігі "Қазақстан Республикасының аумағынан мұнай өнімдерін әкетудің кейбір мәселелері туралы" бұйрық жобасын әзірледі.

  • 7 Шiлде
  • 2
Фото - Caravan.kz

Атап айтқанда, құжатта Қазақстан аумағынан мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін әкетуге қатысты қолданыстағы тыйымды ұзарту көзделген, деп хабарлайды Zakon.kz порталы.

Құжатқа сәйкес, 2026 жылғы 22 қарашадан 2027 жылғы 22 мамырға дейін бензинді, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін автомобиль және теміржол көлігімен, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттерге шығаруға тыйым салу ұсынылады.

Сонымен қатар 2027 жылғы 1 қаңтар мен 30 маусым аралығында Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс жерлерге жеңіл дистилляттарды, авиациялық керосинді, дизель отынын, газойльдерді, толуолды, ксилолды және мұнай битумын экспорттауға тыйым енгізіледі.

Тыйымдар алты ай мерзімге белгіленеді. Бұл ретте гуманитарлық көмек көрсету және Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімдері негізінде жүзеге асырылатын жеткізілімдер үшін жекелеген ерекшеліктер қарастырылған.

Жобаны әзірлеушілердің түсіндіруінше, бұл шаралар ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және ішкі нарықтың мұнай өнімдеріне деген сұранысын өтеуге бағытталған.

Құжат 21 шілдеге дейін қоғамдық талқылау үшін «Ашық НҚА» порталында орналастырылған.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда мұнай өнімдерін экспорттауға салынған тыйым 2026 жылғы 21 мамырдан 21 қарашаға дейін ұзартылған болатын. Бұдан бөлек, 2026 жылғы 1 шілдеден 31 желтоқсанға дейін Қазақстан аумағынан ЕАЭО-ның кедендік аумағынан тыс жерлерге жеңіл дистилляттарды, авиациялық керосинді, дизель отынын, газойльдерді, толуолды, ксилолды және мұнай битумын шығаруға да тыйым енгізілген.