Қазақстанда ересек тұрғындардың әрбір екіншісінде артық салмақ немесе семіздік бар.
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Finprom деректеріне сілтеме жасап хабарлады.
2024 жылға арналған мәліметтер Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) сарапшыларының модельдік бағалауына негізделген. Зерттеуде дене салмағының индексі (ДСИ) 25-тен жоғары адамдар артық салмақ немесе семіздік санатына енгізілген. ДСИ адамның салмағын (кг) бойының (м) квадратына бөлу арқылы есептеледі.
Әлем бойынша 2024 жылы ересектердің 45%-ында артық салмақ болған.
Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша 199 елдің ішінде 96-орынға жайғасқан. Елде ересектердің 56%-ының артық салмағы бар. Бұл әлемдік орташа деңгейден жоғары болғанымен, Орталық Азиядағы кейбір көрші елдерден төмен.
Өңірдегі ең жоғары көрсеткіш Өзбекстанда тіркелген – 64%. Ал Түрікменстан мен Тәжікстанда бұл көрсеткіш 58%, Қырғызстанда 56%, яғни Қазақстанмен бірдей.
Рейтингтің алғашқы орындарын ересек тұрғындардың 90–91%-ында артық салмақ анықталған арал мемлекеттері мен тәуелді аумақтар иеленді. Дамыған елдерде де көрсеткіш жоғары: АҚШ-та – 71%, БАӘ-де – 70%, Ұлыбританияда – 62%.
Ал Жапонияда бұл көрсеткіш небәрі 24%. Мамандар мұны дұрыс тамақтану мәдениетімен, соның ішінде «Хара хачи бу» қағидасымен байланыстырады. Бұл қағида бойынша адам асқазанының шамамен 80%-ы тойған кезде тамақтануды тоқтатуы керек.
1980 жылдан бері Орталық Азияның барлық елінде артық салмақтың таралуы 19–36 пайыздық тармаққа артқан. Қазақстанда өсім өңірдегі ең төмен көрсеткіш болғанымен, 1980 жылы дәл осы елде артық салмақтың үлесі ең жоғары болған.
Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы семіздікке (ДСИ 30-дан жоғары) алғаш шалдыққандардың көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 39,6 болды. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 12,6%-ға төмен.
Ең жоғары көрсеткіш жасөспірімдер арасында тіркелген – 100 мың адамға шаққанда 82,1 жағдай.
Ал 2026 жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш тағы 26,7%-ға азайып, 100 мың адамға шаққанда 32,6 жағдайды құрады.
Өңірлер бойынша жаңа жағдайлар ең көп Маңғыстау облысында тіркелді – 92,1. Ең төмен көрсеткіш Түркістан облысында (9,7), Ақмола облысында (12,7) және Абай облысында (17,5) байқалған.
Дәрігерлердің айтуынша, семіздік көптеген аурулардың, соның ішінде қант диабетінің негізгі қауіп факторларының бірі болып қала береді.
Өткен жылы Қазақстанда қант диабеті алғаш анықталған науқастар саны 1%-ға өсіп, 100 мың адамға шаққанда 331,6 жағдайға жетті.
Ең алаңдатарлық өсім 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелген. Бір жыл ішінде бұл көрсеткіш 10,6%-ға артып, 100 мың балаға шаққанда 20,7-ден 22,9 жағдайға дейін көбейген.