Жаһандану дәуіріндегі ұлттық мәдениеттің рөлі - kaz.caravan.kz
  • $ 472.03
  • 540.29
+25 °C
Алматы
2026 Жыл
7 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жаһандану дәуіріндегі ұлттық мәдениеттің рөлі

Жаһандану дәуіріндегі ұлттық мәдениеттің рөлі

Мәдениет – ұлттың рухани болмысын айқындайтын, тарихи жады мен ұлттық құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін маңызды сала. Қазіргі таңда мәдениетті дамыту, ұлттық мұраны сақтау және оны заман талабына сай жаңғырту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналып отыр

  • 7 Шiлде
  • 4
Фото: ЖИ

Осы орайда Caravan.kz медиа порталының тілшісі Алматы қаласы Мәдениет басқармасының тарихи-мәдени мұра бөлімінің басшысы Мырзабекова Ләззат Оразбекқызымен сұхбаттасты.

Алматы қаласындағы тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау, сақтау және оларды келер ұрпаққа жеткізу бағытында бүгінгі таңда қандай жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр?

— Қазіргі таңда тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау мен сақтау жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Алматы қаласы Мәдениет басқармасы қарамағында 30 кітапхана, 11 музей, 2 театр, 1 галерея, 1 архив, сондай-ақ цирк пен зоопарк жұмыс істейді. Бұл мекемелер қаланың мәдени кеңістігін қалыптастырып қана қоймай, тарихи-мәдени мұраны сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізуде маңызды рөл атқарады.

Бүгінде Алматы қаласының аумағында 160 тарих және мәдениет ескерткіші орналасқан. Оның 34-і республикалық маңызға ие болса, 126-сы жергілікті маңызы бар нысандар санатына жатады.

Осыған орай, Мәдениет басқармасы қаланың мәдени ортасын дамытуға, тарихи-мәдени мұраны сақтауға және мегаполис тұрғындары мен қонақтарына сапалы әрі қолжетімді мәдени қызмет ұсынуға басымдық береді.

Барлық ескерткіштер толық есепке алынып, олардың жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізіледі. Сонымен қатар, қалпына келтіру, консервациялау және ғылыми-зерттеу жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осындай кешенді жұмыстардың нәтижесінде тарихи мұра нысандарының сақталуы қамтамасыз етіліп, қаланың мәдени келбеті одан әрі байи түсуде. Ал, заманауи технологияларды пайдалану мен қоғамның мәдени мұраға деген қызығушылығы бұл бағыттағы жұмыстардың тиімділігін арттыра түсуде.

Жасанды интеллект технологиялары мәдени мұраны сақтау, зерттеу және насихаттау ісіне қандай үлес қосып келеді?

— Жасанды интеллект технологиялары мәдени мұраны сақтау, зерттеу және насихаттау ісіне айтарлықтай үлес қосып келеді. Ең алдымен, бұл технологиялар тарихи құжаттар мен мұрағат материалдарын цифрландыруға, көне қолжазбалар мен сирек кездесетін жәдігерлерді қалпына келтіруге және олардың электрондық қорын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, жасанды интеллект ескерткіштердің жай-күйін талдап, ықтимал бүліну қаупін алдын ала анықтауға көмектеседі. Бұл өз кезегінде тарихи нысандарды уақытылы қорғау және сақтау шараларын тиімді жоспарлауға жағдай жасайды.

Мәдени мұраны насихаттау бағытында да жасанды интеллекттің мүмкіндіктері зор. Виртуалды экскурсиялар, интерактивті музейлер, цифрлық гидтер мен көптілді ақпараттық жүйелер арқылы тұрғындар мен туристер тарихи-мәдени құндылықтар туралы кеңірек мәлімет ала алады. Нәтижесінде мәдени мұраның қолжетімділігі артып, оған деген қоғамдық қызығушылық күшейе түседі.

Осылайша, жасанды интеллект мәдени мұраны сақтаудың дәстүрлі тәсілдерін толықтыра отырып, оны зерттеу, қорғау және кеңінен дәріптеу ісінің тиімділігін жаңа деңгейге көтеріп келеді.