"Алматыда біраз ата-ана баласымен ағылшынша сөйлеседі. Оларға не керегі бар": Шетелде тұратын қазақ тіл мәселесіне алаңдаушылық білдірді - kaz.caravan.kz
  • $ 471.04
  • 538.54
+29 °C
Алматы
2026 Жыл
8 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Алматыда біраз ата-ана баласымен ағылшынша сөйлеседі. Оларға не керегі бар": Шетелде тұратын қазақ тіл мәселесіне алаңдаушылық білдірді

"Алматыда біраз ата-ана баласымен ағылшынша сөйлеседі. Оларға не керегі бар": Шетелде тұратын қазақ тіл мәселесіне алаңдаушылық білдірді

Амстердам қаласында тұратын, Booking.com компаниясында инженер болып қызмет ететін қазақ маманы Нәрікби Мақсұт шетелдегі қазақ диаспорасы, көші-қон және ана тілінің маңызы туралы пікір білдірді.

  • 8 Шiлде
  • 39
Фото: Видеодан скрин

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Ол «Aitarym bar» подкастына берген сұхбатында шетелге қоныс аударудың басты себебі көбіне жұмыс пен кәсіби мүмкіндіктер екенін айтты.

«Адам баласы неге көшеді? Менің жағдайымда жұмыс мәселесі. Жұмыс елде де бар, бірақ нарық тарлық етті. Одан бұрын шетелге көшу қызық та болды. Маған қайтып көшіп келу қатты қиындық тудырмайды. Өйткені. жұмыс табылады. Бірақ жұмысқа қатысты мәселе туындайтын адамдар бар. Мысалы, Қазақстанда шықпайтын технология жасайтын мамандар бар. Нанотехнологтар, биотехнологтар Қазақстанға келсе, жұмыссыз қалады. Шетелде тұрған адам ретінде кез келген елде қазақ диаспорасы болғанын қалаймын. Мысалы, барлық елде түрік ағайындар бар. Маған ағылшын тілінен кейін ең керек болған тіл — түрік тілі болды. Халал мейрамхана болсын, шаштараз болсын барлық жерде түріктер. Өзбек ағайындар Американы «жаулап алған». Чикагоның жартысы қырғыздар. Ал қазақтардың жиналатын орны жоқ. Себебі, біз шетелге жақында ғана шыға бастадық. Сондықтан мен балаларға мүмкіндік беріңдер, шықсын, көріңдер деп айтамын», — дейді ол.

Сондай-ақ, ол шетелде тұратын қазақ отбасыларының алдында балалардың тілдік ортасына қатысты маңызды мәселе туындайтынын да жасырмады.

«Шетелде ата-аналардың уайымы бар. Екі отбасы жиналса, ортақ тіл қандай деген сұрақ туындайды. Жақында Лондонға достарыма бардым. Олардың балалары тап-таза, британдық ағылшын тілінде сөйлейді. Ата-аналары да балаларымен ағылшын тілінде сөйлеседі. Балалары әлі қазақ тілін білмейді. Сондықтан екі отбасы бас қосса, балалар ағылшынша сөйлеседі. Алматыға келгенде тіл үйренсін, жаттықсын деп баламды балабақшаға беремін. Бірақ, бір қызығы Алматыда біраз ата-ана баласымен ағылшынша сөйлеседі. Оларға не керегі бар? Ағылшын ең жеңіл тіл. Балаға қазақ тілі керек. Бір тілді меңгеріп алу керек. Мен ұлым тек қазақ тілінде сөйлейді. Орыс, ағылшын тілін білмейді. Бір өкініштісі, Алматыға келгенде ойын алаңдарында бәрі орысша сөйлейді. Балам олармен ойнағысы келсе де түсінбейді. Біртүрлі боламын», — дейді Нәрікби Мақсұт.

Ол түрік диаспорасын мысалға келтіріп, қазақтардың да шетелде бір-бірімен тығыз байланыс орнатып, ортақ қауымдастық құруы маңызды екенін жеткізді.

«Ал түріктерде мұндай тіл мәселесі жоқ. Олар қайда барса да түрікше сөйлесіп жүреді, жинала біледі. Германияға барсаң, түрік ауданы, мешіттері, жиналатын орындарын бар. Ал қазақтарда ондай жоқ. Жалпы қазақтардың жиналуы қиын. Қазақтар бір қоғам құру керек. Бірақ ол қоғамның ортақ тілі болу керек. Өкінішке қарай, бізде ол орыс тілі болып кеткен. Әсіресе, Америкадағы қазақтардан осы үрдіс байқалады», — дейді ол.