Жанармайдың заңсыз тасымалдануы тыйылмай тұр. Неге?   - kaz.caravan.kz
  • $ 471.04
  • 538.54
+29 °C
Алматы
2026 Жыл
8 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жанармайдың заңсыз тасымалдануы тыйылмай тұр. Неге?  

Жанармайдың заңсыз тасымалдануы тыйылмай тұр. Неге?  

Елімізде жанармай экспортына тыйымды тағы алты айға ұзарту жоспарланып отыр.

  • 8 Шiлде
  • 10
Фото: Жансая Талипова/Caravan.kz

Неге екенін Сaravan.kz медиа порталының тілшісі түсіндіреді. 

Қазақстанда жанармайдың заңсыз сыртқа шығарылуына қарсы бақылау күшейтіліп жатыр. Билік ішкі нарықтағы тұрақтылықты сақтау үшін бензин мен дизель отынын экспорттауға қойылған тыйымды тағы алты айға ұзартуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар шекарадағы тексерулер күшейтіліп, заңсыз жанармай тасымалдау әрекеттеріне тосқауыл қойылуда.

Оқи отырыңыз: Ресейдегі жанармай дағдарысының сабағы: Неліктен елімізде жаңа мұнай өңдеу зауыты салынбай жатыр?

Бензин экспортына тыйым тағы алты айға созылады

Энергетика министрлігі бензин, дизель отыны және бірқатар мұнай өнімдерін автомобиль және теміржол көлігі арқылы экспорттауға қойылған тыйымды 2026 жылғы 22 қарашадан 2027 жылғы 22 мамырға дейін ұзартуды көздейтін бұйрық жобасын әзірледі. Шектеу Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне тасымалдауға да қолданылады.

Министрліктің мәліметінше, қазіргі таңда елдегі жанармай қоры жеткілікті, ішкі сұраныс толықтай отандық мұнай өңдеу зауыттарының өндірісі есебінен қамтамасыз етіліп отыр. Осыған байланысты Қазақстан әзірге көрші мемлекеттерге бензин экспорттауды жоспарламайды.

Сонымен қатар 2027 жылдың маусым айының соңына дейін жеңіл дистилляттарды, авиациялық керосинді, газойльдерді, битумды, толуол мен ксилолды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс жерлерге шығаруға қатысты шектеулерді сақтау ұсынылып отыр. Ерекше жағдай ретінде тек гуманитарлық көмек пен Үкіметтің арнайы шешімімен жүзеге асырылатын жеткізілімдер қарастырылған.

Шекара маңындағы өңірлерде бензин тұтыну көлемі артқан

Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаевтың айтуынша, соңғы уақытта Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Павлодар облыстарында бензин тұтыну көлемі айтарлықтай өскен. Бұған өңірлердің шекараға жақын орналасуы және жанармайды заңсыз сыртқа шығару әрекеттерінің сақталуы себеп болып отыр.

Бұған дейін осындай жағдай Жамбыл және Қызылорда облыстарында да тіркелген.

Министрлік мәліметінше, заңсыз тасымалдаушылар қосымша орнатылған жанармай бактарын пайдаланып, отынды елден шығаруға әрекеттенеді. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі, Қаржы мониторингі агенттігі, Шекара қызметі және кеден органдары бірлесіп бақылауды күшейткен.

Қазіргі таңда шекарадан бір жеңіл немесе жүк көлігі тәулігіне бір реттен артық өте алмайды. Сонымен қатар көліктердегі қосымша бактардың болуы міндетті түрде тексеріледі.

Қырғызстаннан сұраныс түсті, Ресейден ресми өтініш жоқ

Көрші елдердегі жанармай тапшылығы аясында Қазақстанға бензин жеткізу мәселесі де көтерілген.

Вице-министрдің айтуынша, Ресей тарапынан Қазақстаннан жанармай жеткізуге қатысты ресми өтініш түспеген. Ал Қырғызстан мұндай сұраныс жолдаған, қазір ол қаралып жатыр.

Энергетика министрлігі қандай да бір экспорттық шешім қабылданса да, ол ең алдымен ішкі нарықтың тұрақтылығы мен ұлттық мүддені ескере отырып қабылданатынын атап өтті. Ведомствоның мәліметінше, ықтимал жеткізілімдер ел ішіндегі жанармай бағасына әсер етпеуі тиіс.

Жанармайды заңсыз алып шығу әрекеті тоқтатылды

2026 жылдың басынан бері Қазақстанның автомобиль өткізу бекеттерінде жанар-жағармайды заңсыз әкетудің 593 әрекетінің жолы кесілді. Заңсыз тасымалданбақ болған жанармайдың жалпы көлемі 40 мың литрден асты.

Бұл мәселе Премьер-министр Олжас Бектенов төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаралды.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов ішкі жанармай нарығындағы жағдай тұрақты екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, еліміздегі барлық мұнай өңдеу зауыттары қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Бензин, дизель және авиациялық отын қоры ішкі сұранысты толық қамтамасыз етуге жеткілікті.

Шекарада бақылау күшейтілді

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов заңсыз жанармай әкетуге қарсы қабылданған жол картасы аясында өткізу бекеттеріндегі қызметкерлер саны арттырылғанын және тексерулер күшейтілгенін айтты.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржановның мәліметінше, мобильді топтар шекара маңындағы автожолдарды тәулік бойы бақылауға алған. Тек соңғы екі тәуліктің өзінде жанармайды заңсыз алып шығудың 61 әрекеті тоқтатылды. Тәркіленген мұнай өнімдерінің көлемі үш тоннадан асты.

Сонымен қатар 18 бензовоз бен автоцистерна тексерілді. Оның ішінде 34 тонна мұнай өнімін тасымалдаған бір көліктен сынама алынып, сараптама тағайындалған.

Жанармай құю бекеттері мен шағын мұнай өңдеу зауыттары тексеріліп жатыр

Шекарадағы бақылаумен қатар ішкі нарықтағы мониторинг те күшейтілді.

Мемлекеттік кірістер органдары жанармай өткізу көлемі күмәнді түрде артқан 62 жанармай құю станциясы мен 22 шағын мұнай өңдеу зауытының қызметін талдап жатыр. Қажет болған жағдайда бұл нысандарға қосымша тексерулер жүргізіледі.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов ішкі мұнай өнімдері нарығының тұрақтылығы мемлекет үшін басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Ол жауапты мемлекеттік органдарға жанармай нарығындағы жағдайды күнделікті бақылауда ұстауды тапсырды.