Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Ол «Адырна» ютуб арнасына берген сұхбатында кейбір халықаралық термин сөздерді қазақшаға аудару дұрыс нәтиже бермейтінін атап өтті.
«Қолдан сөз жасап, қиындатқаннан тіл өріс алып кетпейді. Мысалы, фонтанды субұрқақ деп аудардық. Бұрқақ деген атқылайды деген ұғымды беретін шығар. Бірақ ол дүние жүзінде фонтан. Одан қашқанда, алмастырғанда не болады?! Балмұздақ, аялдама сөздері сәтті аударма болды, қолданыста бар. Әйтеуір бәрін қазақшалаймыз деп сырттан енген, халықаралық терминдерді, сөздерді беталды аудара берудің де мәнісі жоқ деп ойлаймын. Оның орнына ақындарымыз қала баласына арналған тақпақтар шығарса екен. Жазушылар одағында 800 мыңнан астам мүше бар. Қазір балаға жазатын уақыт келді. Балалар әдебиетіне мемлекет басшысының арқасында бұрын-соңды болмаған көңіл бөлініп отыр. Бұрын 1 млрд 200 млн теңге көлемінде мемлекеттік тапсырыс бойынша кітаптарға үкімет ақша бөлетін. Соның ішінде балалар әдебиетіне бөлінетін ақшаның сомасы да белгісіз еді. Артылған ақша бөлінетін. Ал қазір балалар әдебиетін дамытуға нысаналы түрде қаржы бөлінетін болды», — дейді ол.
Сонымен қатар Нұртөре Жүсіп қазіргі таңда балалар әдебиетін дамытуға ерекше көңіл бөлінуі қажет екенін айтты. Оның сөзінше, ақын-жазушылар қалада өсіп келе жатқан балаларға арналған шығармаларды көбірек жазуы керек.
«Жазушылар кейде не жазамыз, жазғанда кітапты қайда сатамыз, кім сатады дейді. Нарықтың заманы, жазамын деген адамға тақырып жеткілікті. Ауыл деп ауылға қарайлау, тағдырына алаңдау барлық қазақ перзентінің жүрегінде, ойында тұрған нәрсе. Ауылға арналған әдебиет жеткілікті. Ал, қалаға, қала тұрғынына арналған шығармаларға толық мойын бұру керек. Жазушылар қайратын жиып, осы тақырыпқа қарай көбірек ойысу керек. Жасанды интеллект те қызық тақырып», — дейді Нұртөре Жүсіп.