Алғашқы Құрылтай сайлауы: Жаңа институттан қоғам не күтеді? - kaz.caravan.kz
  • $ 473.4
  • 539.39
+31 °C
Алматы
2026 Жыл
28 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алғашқы Құрылтай сайлауы: Жаңа институттан қоғам не күтеді?

Алғашқы Құрылтай сайлауы: Жаңа институттан қоғам не күтеді?

Қазақстан тәуелсіздік алғалы бергі ең ауқымды саяси реформалардың бірін жүзеге асырып жатыр. Билік алдағы өзгерістер туралы 2026 жылдың басында, Конституцияның жаңа редакциясын әзірлеу басталған кезде мәлімдеген. Реформаның басты жаңалықтарының бірі – Парламент құрылымының өзгеруі болды.

  • 28 Шiлде
  • 34
Фото: Жанат Момынқұловтың жеке мұрағатынан

Реформаға сәйкес, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне еніп, Мәжіліс пен Сенаттың өкілеттігі тоқтатылды. Ал 23 тамызда қазақстандықтар алғаш рет Құрылтай депутаттарын сайлайды. Жаңа заң шығарушы органның құрамына бес жыл мерзімге 145 депутат енеді. Олар партиялық тізім бойынша сайланады. Бұл жаңа саяси модельдің ерекшелігі неде? Құрылтай бұрынғы парламенттік жүйеден несімен өзгеше? Қоғам жаңа депутаттардан қандай нәтиже күтеді? Ал жаңа институттың табысты жұмыс істеуі үшін қандай қағидаттар сақталуы қажет? Осы және өзге де сауалдарға Caravan.kz медиа порталының тілшісіне саясаттанушы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің философия ғылымдарының кандидаты Жанат Момынқұлов жауап берді. 

Елімізде бұрынғы екі палаталы Парламенттің орнына Құрылтай құрылып жатыр. Осы жаңа басқару моделі мемлекет пен халық арасындағы байланысты нығайтуға қалай ықпал етеді деп ойлайсыз?

Құрылтай идеясы қоғамда әртүрлі пікір қалыптастырды. Бір тарап оны халықтың үнін билікке жеткізетін жаңа демократиялық алаң деп бағаласа, енді біреулер әзірге нақты өкілеттігі мен ықпал тетіктері тәжірибеде айқын көрінбейінше, жаңа институттың халық күткен нәтижені бере қоюы қиын екенін айтады. Әлемдік тәжірибеде мұндай институттар қоғамдық келісімді, саяси мәмілені күшейту құралы ретінде қалыптасады. Қазақстан моделінің ерекшелігі – оның бұрынғы парламенттік жүйенің орнына келуі. Сондықтан Құрылтайдың тиімділігі өкілеттігіне тәуелді болады.  

Меніңше, Құрылтай – билік үшін мемлекеттік басқару жүйесін ескіден ажыратып жаңа заманға сай реформалаудың маңызды институционалды тетігі болды. Оның ресми мақсаты – дәстүрлі өкілді демократияны қоғамдық қатысу элементтерімен толықтыру. Яғни мемлекет қоғаммен тұрақты диалог жүргізу арқылы өз легитимдігін күшейтпек.

Бұл реформаның қажеттілігі бірнеше фактордан туындап отыр. 

Біріншіден, қоғамдық сауалнамалар мен электоралдық белсенділікке қатысты пікірталастар мемлекеттік институттарға деген сенім әлі де өзекті екенін көрсетеді. Азаматтар өз пікірінің нақты саяси шешімдерге ықпал ететініне күмәнмен қарады.

Екіншіден, әлеуметтік әділетке, ашықтық пен шешім қабылдауға қатысуға деген қоғам сұранысы күшейді. 

Үшіншіден, Қазақстан үшін тұлғаларға емес, тұрақты институттарға сүйенетін басқару моделіне көшу маңызды. Осы тұрғыдан Құрылтай – бұрынғы жүйені жоққа шығарудан гөрі, оны институционалды жаңғырту әрекеті.  

Алайда кез келген жаңа саяси институттың тиімділігі оның нақты өкілеттігімен, ондағы демократиялық шешім қабылдаумен өлшенеді. Егер Құрылтай мемлекеттік саясатқа ықпал ету әлеуеті бар, қоғамдық пікірді билікке жүйелі түрде жеткізетін органға айналса, онда ол саяси реформалардың маңызды тетігі болмақ.

Ал егер оның қызметі тек мақұлдаушы-«рәсімдеуші нотариус» деңгейінде қалып қойса, қоғам күткен нәтижеге қол жеткізу қиын болатынын, беделі түсетінін бірқатар саяси сарапшылар да айтып отыр. Құрылтай заңнамалық бастамаларды талқылауға, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына қоғамдық баға беруге және әртүрлі әлеуметтік топтардың ұсыныстарын мемлекеттік саясатқа енгізуге нақты ықпал етсе, онда оның саяси салмағы да арта түседі.

23 тамызда елімізде алғаш рет Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Сіздің пікіріңізше, Құрылтайға сайланатын депутаттар қандай болуы керек, яғни, олардың білімі, кәсіби тәжірибесі мен жеке қасиеттері? Сондай-ақ халық жаңа депутаттардан қандай нәтиже күтеді деп ойлайсыз?

Құрылтайдың сапасы ең алдымен оның құрамымен анықталады. Сондықтан жаңа органға келетін депутаттардың кәсіби деңгейі ғана емес, қоғамдық беделі мен тәуелсіздігі де шешуші мәнге ие болмақ. Сонда ғана мемлекеттің ұзақ мерзімді даму стратегиясына қоғамдық консенсус қалыптасады.  

Құрылтайшыларға қойылар алғы талап – кәсіби құзыреті жоғары болуы тиіс. Олар құқық, экономика, мемлекеттік басқару, әлеуметтік саясат сияқты салаларды терең түсінуі қажет. 

Екіншіден, қоғам алдындағы легитимділігі күшті болуы тиіс. Құрылтай тек партиялық элитаның емес, өңірлердің, жастардың, кәсіпкерлердің, ғылым мен азаматтық қоғамның өкілдерін біріктіргенде ғана қоғамның шынайы бейнесін көрсете алады. Бірақ Құрылтайдың кәсіби сипатын сақтау үшін кандидаттарды іріктеуде әншілер сияқты қоғамдық танымалдылықтан бұрын салалық құзырет пен қоғамдық тәжірибеге басымдық берілгені жөн.

Үшіншіден, тәуелсіз ойлайтын және ұлттық мүддені басшылыққа алатын жауапкершілігі мол азаматтар қажет. Қысқа мерзімді, декларативті реформаларға қатысты халықта скепсис күшейген, енді нақты нәтижеге бағытталған жұмыс басым болуы тиіс. Қоғамның күтетін сұранысы декларативті реформалардан практикалық нәтижеге ауысып отыр.

Егер Құрылтай мүшелері шынайы қоғамдық диалог орнатып, көтерілген мәселелердің шешілуіне ықпал ете алса, жаңа институтқа деген қолдау да артады. Ал жаңа адамдардың келуі жедел түрде жаңа саясаттың болатынын білдірмейді. Негізгі мәселе – олардың халықпен және халық үшін қалай жұмыс істейтінінде тұр.  

Жаңа Құрылтай өз жұмысын бастағаннан кейін ең алдымен қандай мәселелерге басымдық беруі керек деп санайсыз? Күн тәртібіндегі ең өзекті бағыттарға тоқталсаңыз.

Менің ойымша, Құрылтай күнделікті саяси пікірталастарға емес, мемлекеттің ұзақ мерзімді даму бағыттарына назар аударуы керек. 

Ең алдымен құқық үстемдігін іс жүзінде қамтамасыз ету арқылы ел үмітін қайтару маңызды. Азаматтардың әсіресе сотқа және құқық қорғау жүйесіне деген сенімі реформаның табыстылығының көрсеткіші.  

Екінші басымдық – мемлекеттік басқару институттардың тиімділігін арттыру. Билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік пен жауапкершілікті күшейту саяси тұрақтылықтың негізі болады.

Үшінші басымдық –  әлеуметтік әділет. Яғни өңіраралық теңсіздік, табыс айырмашылығы және халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау – ең басты мәселелер болып отыр.   

Төртіншіден, экономиканы әртараптандыру, орта бизнесті дамыту және адами капиталға (білім мен денсаулық) инвестиция салу. 

Яғни Құрылтайдың миссиясы күнделікті саясатпен айналысу емес, елдің стратегиялық даму басымдықтары бойынша қоғамның келісімін қалыптастыруы тиіс. Депутаттар теледидарға шығып алып, халыққа саясатты түсіндірумен ғана айналыспауы қажет, олар қабылданатын құжат сапасына жауап береді. 

Жаңа саяси институттың табысты жұмыс істеуі үшін қандай қағидаттар сақталуы қажет? 

Менің ойымша, сайлау процесіне деген қоғамдық қолдауды арттыру үшін сайлау комиссияларын қалыптастыру тәртібін қайта қарастырған жөн. Көп жылдан бері бұл міндеттің негізгі ауыртпалығы мұғалімдерге жүктеліп келеді. Негізінде мұғалімнің міндеті – білім беру, саясат емес. Ал саяси науқанның ұйымдастырылуы мен нәтижесіне қатысты жауапкершілікті ең алдымен саяси институттар көтеруі керек. 

Сондықтан Сайлау комиссияларының кәсібиленуі және олардың саяси бейтараптығын күшейту мәселесі қайта қарауды қажет етеді. Бұл ретте сайлауды ұйымдастыру жауапкершілігін тұрақты кәсіби аппарат пен саяси субъектілер арасында тиімді бөлу жөнінде пікірталас орынды.

Құрылтайдың тиімділігі бірнеше негізгі қағидатқа байланысты. 

Біріншіден, институционалдық дербестік болуы тиіс. Құрылтай қабылдаған ұсыныстардың нақты саяси салмағы болуы қажет. 

Екіншіден, ашықтық пен есептілік басым болып, қоғам қабылданған шешімдердің қалай орындалатынын көріп отыруы тиіс. 

Үшіншіден, инклюзивті болуы: Құрылтай құрамында тек саяси элита ғана емес, қоғамның әртүрлі әлеуметтік топтары болуы қажет. 

Төртінші, нақты нәтижеге бағдарлану. Сонымен бірге өткен сайлау тәжірибесінен де сабақ алу маңызды.

Жаңа Құрылтай өткен саяси дәуірдің қателіктерін қайтамалауы қажет. Олар:  Парламент жұмысына халықтың формалды қатысуы, үстіден-төменге шешім қабылдау, әлсіз кері байланыс, реформалардың декларативті сипаты. Ең басы тәуекел – заң шығару органының шынайы ықпалы жоқ рәміздік органға айналуы.  

— Соңғы сұрақ. Құрылтайдың алғашқы жылдардағы жұмысына қатысты болжамыңыз қандай?

Мен үшін алдағы ең ықтимал сценарий – Құрылтайдың алғашқы жылдары оның институционалдық қалыптасу кезеңі болады. Сондықтан бастапқыда оның саяси ықпалы шектеулі болуы мүмкін. Ең оптимистік сценарий бойынша Құрылтай қоғам мен билік арасындағы тұрақты диалог алаңына айналып, мемлекеттік саясаттың сапасын арттыруға және реформалардың қоғамдық легитимдігін күшейтуге ықпал етуі тиіс.  

Бірақ шын саяси өмірде біз жүгінетін реалистік сценарийге сәйкес жаңа институттың ықпалы біртіндеп қалыптасады. Бұл тұста көп нәрсе оның құрамының сапасына, депутаттардың кәсібилігіне және ең бастысы – саяси еркіне, тәуелсіздігіне байланысты болады. Ал енді пессимистік сценарий бойынша Құрылтай тек рәміздік органға айналып, нақты шешімдер қабылдау процесіне ықпал ете алмай қалуы мүмкін. Ондай жағдайда қоғамдық қолдау дағдарысы тереңдей түседі. 

Сондықтан Құрылтайдың табысы үш негізгі факторға байланысты деп есептеймін: нақты өкілеттік, институционалдық тәуелсіздік және қоғамдық сенім. Осы үш фактор үйлескен жағдайда ғана Құрылтай Қазақстандағы саяси жаңғырудың тиімді институтына айнала алады.  

Құрылтайдың болашағы оның атауына емес, қоғамға қаншалықты нақты пайда әкелетініне байланысты болады. Егер бұл институт тәуелсіз, ашық, инклюзивті және нақты ықпал ету мүмкіндігіне ие болса, ол мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтатын маңызды саяси алаңға айналуы ықтимал. Ал егер оның қызметі тек рәсімдік сипатта қалып, ұсыныстары мемлекеттік саясатқа ықпал етпесе, онда Құрылтай да бұрынғы көптеген консультативтік құрылымдардың тағдырын қайталап, мақұлдаушы институт деңгейінде қалып қою қаупі бар. Қазақстанның бүгінгі саяси жаңғыру кезеңінде басты мәселе жұмыс істейтін институт қалыптастыруда.

Сондықтан алдағы Құрылтай сайлауы тек жаңа өкілдерді таңдаумен шектелмейді. Ол мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа қоғамдық келісімнің қаншалықты өміршең болатынын көрсететін маңызды саяси сынаққа айналмақ.