21 мыңнан астам қазақстандық алғашқы Ұлттық теледебатқа баға берді - kaz.caravan.kz
  • $ 477.17
  • 543.26
+32 °C
Алматы
2026 Жыл
30 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
21 мыңнан астам қазақстандық алғашқы Ұлттық теледебатқа баға берді

21 мыңнан астам қазақстандық алғашқы Ұлттық теледебатқа баға берді

Теледебатта көрермендердің QR-код арқылы тікелей онлайн дауыс беру мүмкіндігі болды. Жалпы 21 334 адам өз таңдауын жасады.

  • 30 Шiлде
  • 4
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

«Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының тікелей эфирінде Мәжіліске өтуге үміткер жеті саяси партияның қатысуымен алғашқы Ұлттық теледебат өтті.

Пікірсайыс бес кезеңнен тұрды. Онда адам капиталын дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және әлеуметтік реформалар сияқты өзекті мәселелер талқыланды. Эфирдің басты ерекшелігі – көрермендердің QR-код арқылы тікелей онлайн дауыс беру мүмкіндігі болды. Жалпы 21 334 адам өз таңдауын жасады.

Тікелей дауыс беру қорытындысы бойынша партиялар төмендегідей нәтиже көрсетті:

  • «Әділет» партиясы – 67,1%
  • «Ақ жол» демократиялық партиясы – 9,9%
  • Қазақстанның Халық партиясы – 8,2%
  • «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – 5,4%
  • Respublica партиясы – 4,3%
  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) – 2,2%
  • «Байтақ» жасылдар партиясы – 2,1%
  • «Ешқайсысы ұнамады» – 0,8%

Дебаттың қорытынды бөлімінде партия өкілдері өздерінің негізгі басымдықтарын таныстырды.

«Әділет» партиясы адам капиталына инвестиция салу мен әлеуметтік әділеттілікті басты бағыт ретінде атады.

«Ақ жол» партиясы жеке тұлғалардың банкроттығы тетігі арқылы борышкерлерге көрсетілетін қолдауды атап өтті.

Қазақстанның Халық партиясы ең төменгі жалақыны көтеру, жеңілдетілген ипотека бағдарламаларын кеңейту және студенттерді қолдау мәселелеріне басымдық беретінін мәлімдеді.

«Ауыл» партиясының өкілдері ауылды дамыту тақырыбын көтеріп, сөз соңында «Қалаға хат» өлеңінен үзінді оқыды.

Respublica партиясы адал кәсіпкерлікті қорғау және балалардың біліміне инвестиция салу қажеттігін айтты.

ЖСДП кәсіпкерлермен қатар қарапайым еңбек адамдарын – дәрігерлерді, мұғалімдерді, коммуналдық қызметкерлерді және басқа да мамандарды тең дәрежеде қолдау қажеттігін мәлімдеді.

Ал «Байтақ» партиясы елдің тұрақты дамуы табиғатпен үйлесімді өмір сүруге тікелей байланысты екенін айтып, экологиялық қауіпсіздікті басты басымдықтардың бірі ретінде атады.