Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Ол «Alypsok» ютуб арнасына берген сұхбатында кәсіпқой бокс Қазақстанда енді дамып келе жатқан кезеңде мемлекет тарапынан спортшыларға қолдау көрсетілгенін айтты.
«Кезінде кәсіпқой бокс енді дамып келе жатқанда мемлекет тарапынан демеушіліктер, көмек болды. Василий Жиров, Бейбіт Шүменов, Қанат Ислам секілді боксшылардың жекпе-жектеріне қолдау көрсетілді. Соңғысы Жәнібек Әлімханның бокс кешіне де қаржы салынды. Жалпы мемлекет тарапынан көмек болу міндетті емес. Бірақ кезінде ақшаның дәмін татып қалған адамдар да бар. Феруза Шәріпова деген қызымыздың Ресейден келген менеджері шоу өткізді, Қазақстан бюджетінен ақша бөлінді. Бірақ ол шоулардың деңгейін көрдік. Кейін артынан шу болды. Осылай мемлекет ақшасына шоу өткізуді қолдамаймын. Өйткені бұл — кәсіпқой бокс», — дейді ол.
Сонымен қатар ол титулдық жекпе-жектер кезінде мемлекет немесе әкімдік тарапынан қолдау көрсетуге болатынын, алайда бөлінген қаржының есебі болуы қажет екенін айтты.
«Титулдық бокс кештерінде әкімшілік тараптан көмек беруге болады. Бірақ мемлекеттің ақшасын салса, оның есебі болу керек. Жәнібектің бокс кешінің баспасөз мәслихатында ұйымдастырушылар көп сұраққа жауап бере алмады. Уәделерді үйіп төкті. Кеш өткеннен кейін боксшылар тарапынан қаражатымызды алмадық деген де әңгімелер болды. Ол боксшылар қайтып келеді деп айта алмаймын. Британдықтар Қазақстанға боксты сата алмайтынын көрді”, — дейді менеджер.
Жанпейіс Назарғали кәсіпқой бокста промоутер мен матчмейкердің міндеті бөлек екенін атап өтті.
«Букмекерге бара ма, демеуші таба ма, әйтеуір бокс кешін өткізу және оның сапасына жауап беру – промоутердің міндеті. Мен матчмейкер болғандықтан, боксшылардың, қарсыластардың деңгейіне жауап беремін. Ал промоутер бокс кешінің сапасына жауап береді. Ал тұтынушылар, яғни жанкүйерлер боксты жақсы түсінеді. Өтірік боксты бірден біліп қояды», – дейді ол.