Елімізде жаңа оқу жылын 4 миллионға жуық бала бастады - kaz.caravan.kz
  • $ 462.31
  • 536.09
+19 °C
Алматы
2026 Жыл
1 Қыркүйек
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Елімізде жаңа оқу жылын 4 миллионға жуық бала бастады

Елімізде жаңа оқу жылын 4 миллионға жуық бала бастады

Қазақстанда жаңа оқу жылы басталды. Биыл еліміздегі мектептерде білім алатын оқушылар саны 4 миллионға жуықтады.

  • 1 Қыркүйек
  • 13
Фото: Caravan.kz

Оның ішінде 380 мыңнан астам бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады, деп хабардайды Caravan.kz медиа порталы.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бүгінде елімізде 8048 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Бұл 2024-2025 оқу жылындағы көрсеткіштен 1,6%-ға жоғары. Ол кезде елде 7920 мектеп болған.

Мектеп инфрақұрылымын кеңейту жұмыстары да жалғасып жатыр. 2026 жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстанда жалпы сыйымдылығы 18 090 оқушыға арналған 32 мектеп пайдалануға берілді. Сонымен қатар 4207 орынға шақталған 32 мектепке дейінгі ұйым іске қосылды.

Жаңа нысандардың басым бөлігі ауылдық жерлерде орналасқан. Атап айтқанда, пайдалануға берілген мектептердің 14-і және мектепке дейінгі ұйымдардың 26-сы ауылдық елді мекендерде ашылды.

Жаңа мектептер саны бойынша Түркістан және Атырау облыстары алда тұр. Екі өңірде де бес мектептен пайдалануға берілді. Ақтөбе, Алматы және Қарағанды облыстарында үш мектептен, Жамбыл облысында екі мектеп ашылды. Сондай-ақ Алматы мен Шымкент қалаларында екі мектептен пайдалануға берілді.

Биыл бірінші сыныпқа 380 мыңнан астам бала қабылданды. Оның шамамен 296 мыңы мемлекеттік мектептерде, 23 мыңға жуығы жекеменшік білім беру ұйымдарында оқиды.

Бірінші сынып оқушыларының шамамен 191 мыңы қалалық, 128 мыңға жуығы ауылдық мектептерге қабылданған. Бұдан бөлек, ерекше білім беру қажеттіліктері бар 4 мыңға жуық бала білім беру ұйымдарына қабылданған.

Бірінші сыныпқа қабылданған балалар саны бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Мұнда 50 мыңнан астам бала мектепке барды. Алматы облысында – 35 мыңнан астам, Астанада – шамамен 33 мың, Алматыда – 31 мыңнан астам, ал Шымкентте 29 мыңнан астам бірінші сынып оқушысы білім алуды бастады.

Оқи отырыңыз: 1 қыркүйекте мұғалімдерге гүл мен сыйлық беруге болмайды: Жаңа оқу жылында қандай өзгерістер бар