Енді жұмыс берушілер жаңа қызметкерді жұмысқа қабылдамас бұрын бос жұмыс орны туралы ақпаратты Enbek.kz электрондық еңбек биржасында жариялауға міндетті. Вакансияны белгіленген мерзімде орналастырмаған немесе оны жасырған компанияларға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Caravan.kz медиа порталы жұмысқа қабылдау тәртібінің қалай өзгергенін түсіндіреді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жұмыс беруші жаңа вакансия ашылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде ол туралы ақпаратты Enbek.kz сайтына орналастыруы керек. Бұл талап қызметкер ресми түрде жұмысқа қабылданғанға дейін орындалуы тиіс.
Мұндай тәртіп жұмыс іздеп жүрген азаматтарға өзекті бос жұмыс орындарын уақытында көруге мүмкіндік береді. Яғни азаматтар ескі немесе жабылып қалған вакансияларға емес, нақты қолжетімді жұмыс орындарына өтініш бере алады.
Вакансияны жарияламаған жұмыс берушіге қандай жаза бар?
Егер компания бос жұмыс орны туралы ақпаратты белгіленген уақытта жарияламаса немесе оны жасырса, бірінші рет ескерту беріледі.
Ал құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, жұмыс беруші Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 98-бабы бойынша айыппұл төлейді.
Айыппұл көлемі кәсіпкерлік субъектісінің санатына байланысты.
2026 жылы 1 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 4 325 теңге.
— шағын бизнес пен коммерциялық емес ұйымдарға — 5 АЕК немесе 21 625 теңге;
— орта бизнеске — 7 АЕК немесе 30 275 теңге;-
— ірі бизнеске — 10 АЕК немесе 43 250 теңге.
Министрлік бұл талаптың негізгі мақсаты еңбек нарығын ашық ету және жұмыссыз азаматтардың жұмыс табуына мүмкіндік жасау екенін атап өтті.
«Жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс берушілер бос жұмыс орындары туралы ақпаратты ұсынуы керек. Бұл шаралар еңбек нарығын қорғау, жұмыссыздарды жұмыспен қамту және жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында қабылданып жатыр», — деді сала өкілі.
Жұмысқа орналасқан адам жұмыссыздар қатарынан автоматты түрде шығарылады
Жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарды есептен шығару тәртібі де жеңілдетілді. Енді бұл процесс мемлекеттік ақпараттық жүйелердің өзара байланысы арқылы автоматты түрде жүргізіледі.
Бұған дейін адам жұмысқа орналасқаннан кейін мансап орталығына өзі хабарлауы керек болатын. Қазір азамат бұл туралы хабарламаса да, оның мәртебесі жүйе арқылы автоматты түрде жаңартылады.
Ол үшін электрондық еңбек шартының Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде тіркелуі немесе жұмыс берушіден алғашқы міндетті зейнетақы жарнасының түсуі негіз болады.
Сонымен қатар жұмысқа орналасқан азамат бес жұмыс күні ішінде мансап орталығына бұл туралы хабарлауы керек. Алайда азамат хабарламаған жағдайда да мемлекеттік жүйе оның жұмысқа орналасқанын анықтап, жұмыссыз мәртебесін автоматты түрде тоқтата алады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қазір Қазақстанда 440 мыңнан астам жұмыссыз азамат тіркелген.
Министрлік жұмыс берушілерді қызметкерді жұмысқа қабылдау кезінде барлық талапты сақтауға шақырады. Яғни бос вакансияны бес жұмыс күні ішінде Enbek.kz-те жариялап, электрондық еңбек шартын тіркеп, қызметкер үшін тиісті әлеуметтік және зейнетақы аударымдарын уақытында жасау қажет.