Ем алу алдында дәрігер мен клиниканы қалай дұрыс таңдау керек  - kaz.caravan.kz
  • $ 446.56
  • 512.34
+21 °C
Алматы
2026 Жыл
21 Қыркүйек
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ем алу алдында дәрігер мен клиниканы қалай дұрыс таңдау керек 

Ем алу алдында дәрігер мен клиниканы қалай дұрыс таңдау керек 

Ем қабылдамас бұрын медициналық ұйымның лицензиясы мен дәрігердің кәсіби біліктілігін тексеру маңызды.

  • 21 Қыркүйек
  • 1
Фото - Caravan.kz

Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмектің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету үшін клиника мен маманды таңдауда назар аударатын негізгі талаптарды түсіндірді, деп хабарлайды Сaravan.kz медиа порталы. 

Клиниканы таңдағанда нені тексеру керек?

Медициналық ұйымға жүгінбес бұрын оның қажетті медициналық қызметті көрсетуге құқығы бар-жоғын тексерген жөн.

Ең алдымен мына талаптарға назар аудару қажет:

  • медициналық қызмет көрсетуге берілген қолданыстағы лицензияның болуы;
  • лицензияға қосымшада қажетті медициналық қызмет түрінің көрсетілуі;
  • медициналық қызмет көрсетілетін нақты мекенжайдың рұқсат беру құжаттарында көрсетілген мекенжаймен сәйкес келуі;
  • қызмет құны, оны көрсету шарттары, сондай-ақ ықтимал қарсы көрсетілімдер мен қауіптер туралы ақпараттың болуы.

Клиниканың лицензиясын лицензиялар мен рұқсаттардың мемлекеттік электрондық тізілімінен тексеруге болады. Ол үшін eLicense.kz ақпараттық жүйесін пайдалануға болады.

Дәрігерді таңдағанда неге мән берген жөн?

Маманға жүгінбес бұрын оның медициналық білімі мен кәсіби біліктілігіне көз жеткізу қажет.

Атап айтқанда:

  • медициналық білімі бар-жоғын;
  • дәрігердің нақты мамандығын;
  • клиникалық практикамен айналысуға құқық беретін қолданыстағы маман сертификатының бар-жоғын анықтаған жөн.

Министрлік диагноз қою немесе алдын ала диагноз жасау, медициналық талдау нәтижелерін түсіндіру, дәрі-дәрмектерді тағайындау немесе тоқтату, сондай-ақ науқасқа арналған жеке емдеу схемасын әзірлеу медициналық қызметке жататынын ескертеді.

Мұндай қызметтерді тек клиникалық практикамен айналысуға рұқсаты бар медицина қызметкері көрсете алады.

Бұл талап әлеуметтік желілер мен интернет арқылы берілетін медициналық консультацияларға да қатысты.

Күмән туындаса, қандай құжаттарды сақтау керек?

Медициналық қызметке қатысты мәселе туындаған жағдайда емге байланысты барлық құжат пен ақпаратты сақтап қойған жөн.

Атап айтқанда:

  • медициналық қызмет көрсету туралы шартты;
  • төлем түбіртектерін;
  • дәрігердің тағайындауларын;
  • медициналық қорытындыларды;
  • клиникамен немесе маманмен болған хат-хабарларды сақтау қажет.

Бұл құжаттар қажет болған жағдайда медициналық қызметтің көрсетілуіне қатысты жағдайды нақтылауға немесе шағымды қарау кезінде дәлел ретінде пайдалануға мүмкіндік береді.

Қайда шағымдануға болады?

Дәрігердің немесе медициналық ұйымның әрекетіне қатысты шағым болған жағдайда ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаментіне жүгінуге болады.

Өтінішті eOtinish жүйесі арқылы да жолдауға болады.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің байланыстары:

Call-орталық: +7 701 006 5900

Кеңсе: 8 (7172) 74-27-68

E-mail: kmfk@dsm.gov.kz

Ресми сайт: gov.kz

Тиісті лицензиясыз немесе маманның қолданыстағы сертификатынсыз медициналық қызмет көрсету Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Сондықтан емді бастамас бұрын клиниканың лицензиясын, ал дәрігердің мамандығы мен кәсіби қызметке рұқсат беретін құжаттарын алдын ала тексерген дұрыс.

Оқи отырыңыз:

«Сіз ол үшін төлеп қойғансыз»: МӘМС аясында қалтадан ақша шығармай денсаулықты толық тексерудің жолдары