Полиция инспекторының көмекшісі туған жездесін 4 рет атып тастаған - kaz.caravan.kz
  • $ 446.56
  • 512.34
+22 °C
Алматы
2026 Жыл
21 Қыркүйек
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Полиция инспекторының көмекшісі туған жездесін 4 рет атып тастаған

Полиция инспекторының көмекшісі туған жездесін 4 рет атып тастаған

Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты адам өлтіруге оқталды деп айыпталған 1994 жылы туған Раимбек К.-ға қатысты үкім шығарды.

  • 21 Қыркүйек
  • 1
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Сот материалдарына сәйкес, Раимбек К. 2025 жылдың 10 желтоқсанынан бастап Хромтау аудандық полиция бөлімінде учаскелік инспектордың көмекшісі болып жұмыс істеген.

2026 жылғы 28 наурызда сағат 09:30 шамасында ол кезекшілікке белгі қою үшін Хромтау аудандық полиция бөліміне келіп, өзіне берілген «Макаров» тапаншасы мен 16 патронды алған. Кейін табельдік қаруымен №3 учаскелік полиция пунктіне барған. Алайда сағат 13:00 шамасында қаруды тапсырмастан үйіне кеткен.

Түстен кейін Раимбек киімін ауыстырып, табельдік қаруын өзімен бірге алып, отбасымен Хромтау ауданының Дон ауылында тұратын М.К. есімді ағасының үйіне барған. Үйдің гаражында ол үш досы және жездесі С.К.-мен бірге алкоголь ішкен. Кейін Раимбектің шақыруымен барлығы демалыс базасына барған. Онда ішімдік ішу жалғасқан.

Кешкі уақытта С.К. Раимбекке оның әпкесін үнемі ұрып жүргенін және болашақта да ұра беретінін айтқан. Бұған ашуланған Раимбек «Макаров» тапаншасын алып, С.К.-ға бағыттап, төрт рет оқ атқан. Алайда төртінші оқ атылған кезде қару кептеліп қалған.

Ауыр жараланған С.К. үйден шығып, көшеге жеткен. Сол жерде оған басқа демалушылар көмек көрсеткен.

Жәбірленуші кеуде тұсынан екі жақты тесіп өткен оқ жарақатын алған. Сонымен қатар екі өкпесі зақымданып, екі жақты гемопневмоторакс, жарақаттан кейінгі екі жақты пневмония, тыныс алу жеткіліксіздігі, сол жақтағы бесінші және оң жақтағы тоғызыншы қабырғаларының сынуы, бауырының оң жақ бөлігінің жыртылуы және басқа да жарақаттар алған. Сондай-ақ сол жақ мықын сүйегінен, оң жақ бөксесінен, оң білегінен және сол жамбасынан жеңіл жарақаттар тіркелген.

Жәбірленуші дер кезінде ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер оның өмірін сақтап қалған.

Осы факті бойынша Раимбекке ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабы 3-бөлігі және 99-бабы 1-бөлігі бойынша (қасақана адам өлтіруге оқталу) қылмыстық іс қозғалған.

Сотта айыпталушы кінәсін ішінара мойындап, жездесін өлтіруді мақсат етпегенін айтқан.

Ал жәбірленуші сотта айыпталушымен татуласқанын және оған ешқандай шағымы жоқ екенін мәлімдеген.

Алайда Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты істің барлық мән-жайын зерттеп, сотталушының кінәсі толық дәлелденді деген қорытындыға келген.

Сот үкімімен Раимбек К. орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеу арқылы 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар ол мемлекет бюджетіне 619 432 теңге процестік шығынды өтеуге және жәбірленушілерге өтемақы қорына 129 750 теңге төлеуге міндеттелді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.