Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы sputnik.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Президент Қазақстан Халық кеңесінің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде жазушыларды қала тақырыбына арналған шығармаларды көбірек жазуға шақырды, деп хабарлайды Ақорда.
Мемлекет басшысы қоғамда ауыл тақырыбына көп көңіл бөлінетінін атап өтті.
«Біз ауыл туралы көп айтамыз. «Ауыл – халқымыздың алтын бесігі» деп әрбір жиында айтып жүреміз. Расында, бұл – дұрыс. Бірақ қазіргі заманда бұл сөзді қайта-қайта айта берудің қажеті бар ма?» – деді президент.
Тоқаев бүгінде бүкіл әлемде урбанизация үдерісі жүріп жатқанын айтып, қала өркениетін дәріптеудің маңызын атап өтті.
«Бүгінде өмірдің қызығы – қалада. Бұл да – шындық. Қазірдің өзінде біз қалада жиналып отырмыз. Сондықтан алдымызда тұрған маңызды әрі өзекті міндет – қала өркениетін дәріптеуіміз керек. Бұл істе өркениеттің озық талаптарына сай болуымыз қажет», – деді ол.
Президент қалада тұратын жастарды «асфальт қазағы», «шала қазақ» деп ауыл жастарына қарсы қою дұрыс емес екенін айтты.
«Қазіргі таңда қалаларда өмір сүріп жатқан жастарымыз қазақ мектептерінде қазақ тілінде сапалы білім алуда. Сондықтан біртұтас халқымызды екіге бөлуді доғаруымыз керек. Мұндай әрекетті жасаудың ешқандай қажеті де, оған ешкімнің хақы да жоқ», – деді Тоқаев.
Осыған байланысты мемлекет басшысы Мәдениет және ақпарат министрлігіне жазушылар арасында қала тақырыбына арналған әдеби байқаулар өткізуді тапсырғанын айтты.
«Бұл халқымызға, әсіресе, жастарымызға керек дүние болмақ», – деп түйіндеді президент.