Жаңа жыл — тек үлкендер үшін емес, балалардың да асыға күтетін мерекесі. Осы мерекеде «Балапан» арнасы кішкентай көрермендеріне қазақтың танымал «Мақтақыз бен Мысық» ертегісінің желісімен жаңа жылдық көңілді қойылым жасауды жоспарлауда.
Балаларға арналған тұңғыш мюзикл көрермендерді ғажайып сиқыр әлеміне жетелейді. Жаңа жылдық қойылымға ертегі кейіпкерлері Мақта қыз, Аяз ата, сондай-ақ Панда, Спайдер Мэн, Алекс, Глория, Мартин, Белла, Рапунцель, Синдерелла, төрт түлік мал, он екі ай- жыл иелері, қасқыр, жалмауыз кемпір сияқты 20-ға жуық балалардың сүйікті қуыршақтары қатысады.
«Балапан» телеарнасы ашылған 2 жылдың ішінде көрермен көзайымына айналып үлгерді. Ұлттық тәрбиені басты мақсат еткен телеарна, қазақтың ауыз әдебетін де кеңінен насихаттауды қолға алды. Ал бұл арқылы баланың өмірге деген көзқарасын, қазақы ой-өрісін дамытуды көздеуде.