Ол көпшілік оқырман қауымға, зерттеушілерге, қоғамтанушыларға, мемлекеттік қызметкерлерге, ғылым және оқу орындары қызметкерлеріне арналған.
ҚР ҰҒА Академигі, экономика ғылымдарының докторы, Қаржы және банк менеджменті ғылыми-зерттеу институтының директоры Ораз Баймұратовтың айтуынша, Нығмет Рахметұлы онда КСРО Жоғары Кеңесінің, одақтас республикалардың Жоғары Кеңестерінің материалдарына, атқарушы биліктің құжаттарына сүйенеді. Сонымен қатар өзінің «Некоторые штрихи парламентской деятельности» (Алматы, 1993) еңбегінің негізінде өткен ғасырдың 1990-1991 жылдарына тап келген алып державаның тарихи тағдырын, Одақтық Келісім бойынша жағдайларды, жалпыхалықтық референдум және ТЖМК (ГКЧП) кеселдерін, қайта құрылған КСРО Жоғарғы Кеңесінің және оның жоғарғы палатасы — Республикалар Кеңесінің, Республикааралық қатынастар жөніндегі комитетінің қызметтерін ұлтаралық қатынастар мәселесіне ерекше назар аудара отырып баяндайды.
ҚазКСР Жоғары Кеңесінің 12-ші шақырылымының халық депутаты болған Н.Жотабаев тамыз төңкерісінен кейін КСРО Жоғары Кеңесінің құрамына еніп, КСРО Жоғары Кеңесінің Республикааралық қатынастар жөніндегі комитет төрағасының орынбасары қызметін атқарған болатын.