Оған ҚазМҚПУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы, Ж.Елебеков атындағы Алматы эстрада-цирк өнері мен П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің студенттері және К. Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернатының, А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған музыка мектебінің оқушылары қатысуда. Өнер және мәдениет факультеті мәдени-бұқаралық жұмыстар теориясы мен әдістемесі кафедрасының ұйымдастыруымен өткен бұл шараға түрлі халықаралық байқаулардың лауреаты Айдос Жабағин бастаған қазылар алқасы төрелік жасап жатыр.
1932 жылы 10 мамырда Жамбыл облысының Қордай ауданына қарасты «Күнбатыс» ауылында дүниеге келген Өмірбек Байділдаев 1954 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын Қазақстанның халық әртісі Р.Омаровтың домбыра сыныбы бойынша бітірген болатын. 1954-1965 жылдары Қазақ КСР телерадио хабарларын тарату жөніндегі мемлекеттік комитетінің музыка редакциясының редакторы, бас редакторы және көркемдік жетекшісі қызметтерін атқарған. Оның сол жылдары жасаған М.Төлебаев, К.Әзірбаев, М.Ержанов, Ғ.Жұбанова, Е.Серкебаев, Р.Бағланова мен Б.Досымжановтың шығармашылығы, Рашид және Муслим Абдуллиндер туралы жазған музыкалық хабарлары Қазақ радиосының Алтын қорының асыл қазынасына айналды.
1967-1997 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Музыка теориясы және тарихы кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарған ол білікті ұстаз, тәлімді тәрбиеші ретінде де педагог кадрлар даярлауда да өнегелі жұмыстар жасады. Еңбегі үшін профессор атағын иеленіп, 1970 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Журналистер одағы мен Композиторлар одағының мүшесі болған Ө.Байділдаевтың ел арасында кең тараған «Туған ел», «Қазақстан салтанаты», «Алматым — астанам», «Қимаймын сені», «Ауыл кеші», «Май жыры», «Қыз бен жігіт айтысы», «Жаңа жыл кешінде», «Сұлу екен Алматының қыздары», «Айнагүл», «Қазақстан жастарының маршы», «Назико», «Шопан жыры», «Бейбітшілік сақталады» секілді т.б. туындылары қазақ саз өнерінің қорына қосылған өзіндік мол мұра саналады.