Отандық сахна шеберлері 1911 жылы француз стилінде іргесі қаланған елдің ең көне және көз тартарлық концерттік залдарының бірі — Ханой опера театрында өнер көрсетті.
Қазақстандағы өнер майталмандарының Вьетнамдағы гала-концертінің ашылу салтанатында Вьетнам Социалистік Республикасы мәдениет, спорт және туризм вице-министрі Ле Кхай Хань Вьетнам мен Қазақстан халықтарының ұзақ жылғы дәстүрлі-достық қарым-қатынасы үнемі қолдау тауып келе жатқандығын атап өтті.
ҚР-дың ҚХР-дағы және ВСР-дағы Елшісі қызметін қоса атқарушы Нұрлан Ермекбаев вьетнамдық БАҚ-қа берген сұхбатында Вьетнамдағы Қазақстанның Мәдени күндерінің маңызы жоғары, себебі, олар «ақпараттық кемшіліктің» орнын толтыруға септесетіндіктен мәдени шараның шеңберінен шығып отыр.
Гала-концерт аяқталысымен, ҚазАқпараттың тілшісіне берген сұхбатында Вьетнамның сыртқы істер вице-министрі Нгуен Фонг Нга қазақстандық өнер майталмандардың шеберлігіне алғаш рет куә болғандығын атап өтті. Концерттік бағдарлама вьетнамдық көрерменнің көңілінен шықты.
ҚазАқпарат бұған дейін хабарлағандай, гала-концертке Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлы-хореографиялық оркестрі, «Аққу» фольклорлы-хореографиялық ансамблі, Қазақстан республикасына еңбегі сіңген қайраткерлер Болат Жомартов, Дінзухра Тілендиева, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Айнұр Сұлтанқожаева, Ерлан Рысқали, Ерлан Жандарбай, Еділ Құсайынов, Данияр Байжұманов, Ерболат Ахмедьяров, Балжан Жүнісова, Бауыржан Әндержанов, Жұпар Ғабдуллина, Күміс Базарбаева, Әсем Сембина және т.б. қатысты.
Еске салайық, Вьетнамдағы Қазақстанның Мәдени күндері 11-13 маусым аралығында Ханойда өтті. Шараны Қазақстанның ҚХР елшілігінің қолдауымен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырды.