«Астана Опера» театры қойылымдарының билет құны 500 теңгеден басталады - kaz.caravan.kz
  • $ 512.81
  • 604.19
+3 °C
Алматы
2025 Жыл
26 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Астана Опера» театры қойылымдарының билет құны 500 теңгеден басталады

«Астана Опера» театры қойылымдарының билет құны 500 теңгеден басталады

«Астана Опера» театры қойылымдарының билет құны 500 теңгеден басталады.

  • 18 Маусым 2013
  • 512
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметінің отырысынан кейін Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед айтты.

«Біз студенттерге 500 теңгеден, жалпы орташа 1000-1500 теңге болады деп ойластырып отырмыз. Әрине, айрықша орындар да бар, бірақ олар байларға арналған», — деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, елордадағы жаңа «Астана Опера» театры 21 маусымда Мұқан Төлебаевтың «Біржан мен Сара» классикалық ұлттық операсымен салтанатты түрде ашылады. Ал театрдың әлемдік премьерасы қазан айында өтеді. Онда қазақстандық сахнада алғаш рет Дж.Вердидің «Аттила» операсы қойылатын болады.


«Астана Опера» театры күрделі қойылымдарды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бірегей өнер ордасы болмақ.

Министрдің атап өтуінше, театр жобасының авторлары классикалық архитектуралық сипатты ұлттық үлгілермен шебер ұштастырып, оған ерекше реңк берген.

Театрдың көлемі — 64 мың шаршы метр. Салыстыру үшін, Копенгаген театрының ауданы 41 мың шаршы метрді ғана құрайды.

Сахнаның ені 21 метр, ал ұзындығы 59 метрге дейін жетеді. Тағы да салыстыру үшін айта кетейік, Ослодағы театрдың ені 16 метр, ал ұзындығы небәрі 40 метр ғана.

Қажет жағдайда дайын декорацияны жылжытуға қолайлы қос қапталы және бар. Бұл безендірілуі күрделі спектакльдерді қоюға өте ыңғайлы.

Сахнаның төменгі жағында тереңдігі 12 метрлік көтеріп-түсіретін автоматты қондырғылардан тұратын машиналар залы орналасқан.

Театрда үш бөліктен тұратын және 120 музыкантқа есептелген оркестрге арналған арнайы орын бар. Көрермендер залы (1250 адамға арналған) ұлттық нақышта өте әсем безендіріліп жасалған.

Театрдың партері 450 орынға лайықталған және әрбір көрерменге ыңғайлы болуы үшін қатарлар бірінен бірі сәл жоғарылау орналасқан.

Театрда 8 қосымша зал, 11 репетициялық орын, камералық музыкаға арналған 250 орындық зал, баспасөз-залы т.б. бар.

Италияның ең үздік мамандары жасаған театрдың акустикасы да ерекше. Соның нәтижесінде дыбыс оның қай тұсында болмасын анық естіледі.

Ғимаратта орнатылған осы заманғы студиялық қондырғы театрда өтетін барлық спектакльдер мен концерттерді Эйч Ди мүмкіндігімен жазуға жағдай туғызады.

«Дәл осы жаңалықтардың театр үшін пайдасы аса зор болмақ. Енді кез келген спектакльді бес камерамен бір мезгілде жазып, сол сәтте-ақ оны отандық телеарналардан көрсетуге мүмкіндік туындап отыр», — деді ол.

Перейти к новостям спорта