Бұл туралы Ішкі істер министрлігінде өткен баспасөз мәслихаты барысында Мемлекеттік тіл және ақпарат департаменті директорының орынбасары Айжан Есімбекова мәлім етті.
Оның айтуынша, қайғылы оқиға Жаңабұлақ ауылдық округінің аумағында орын алған. 44 жастағы ер адам мен оның әкесі көрші шаруа қожалығы иесінің даулы аумақтан шөп шауып жатқанын көріп, мәселенің басын ашуды ойлайды. Олар әлгі орынға «Газ-53» автокөлігімен келеді, ал ұлының қолында аңшы қаруы болған. Көрші шаруа қожалығы адамдарын әлгі аумақтан қуып жібермек болған ер адам оларға қару көрсетіп, қорқытқан. Сосын арада жанжал туып, күдікті оқ атқан. Атылған оқ жақын маңда тұрған 77 жастағы әкесіне тиіп, оның аяғының қан тамырлары жарақаттанады.
«Соның салдарынан зейнеткер көз жұмды. Тексеріс барысында бір-бірімен көрші орналасқан «Құсайын» және «Болат» шаруа қожалықтарының бірнеше жылдан бері жайылым үшін дауласып келе жатқаны анықталды. Іс сотта бірнеше мәрте қайта қаралып, «меншік иесі «Құсайын» шаруа қожалығы» деген шешім шығарған. Осыған орай, ҚР ҚК-нің 101 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды (абайсызда кісі өлтіру). 12 калибрлі бір ұңғылы аңшы қаруы тәркіленіп алынды. Тергеу амалдары жүргізілуде», — дейді А. Есімбекова.