Сыртына темір тұлпарларды жуатын орын ретінде жарнамасы жазылған жерде сасық иіс қолқаны қабады. Тазалық дегенді мүлдем ескермеген жұмысшылар әкелінген бүтін тауықты мүшелеп, Алматының белді асханалары мен жеңіл тамақ дайындау орындарына жеткізіп келген. Күніне 1 тоннаға жуық ет жөнелтеді екен. Ал цехтің еденінде жатқан ет нәжіс пен лай суға араласып жатыр. Шыбын-шіркей, ит мысық, тіпті кеміргіштер де мұнда толып жүр. Алматыда жыл басынан бері осындай 18 орын анықталыпты. Бүгін рейдке шыққан құзырлы орын өкілдері жасырын цех қожайынына қатысты тек әкімшілік хаттама толтырумен шектелді.