Даудың басы мына 49 соттық жер. Жергілікті тұрғындар «біздің балаларымызға тиесілі» деп шарқ ұрса, әр саниметрді маңызды көретін құрылыс компаниясы мұнда зәулім үй тұрғызбақ. 12 қабатты. Әзірге үлгісі мынандай. Десе де, тұрғындар жаппай қарсы шықты.
45 пәтерлі тұрғын үйдің барлығы аталмыш құрылысқа қарсы. Сол үшін дауласқандарына да бір жарым жыл болған. Көпшілік мемлекеттік жердің жеке компания құзырына өтіп кеткеніне ашулы.
Рахия Күләшбекова, Алматы қаласының тұрғыны:
— Алматы қаласының барлық қадағалау органдарының бәрі мұны тексерген. Бірақ бірде-бір рет, біз жөнді жауап алмадық, жай былай-былай деген жауаптан басқа.
Десе де, элиталы ауданда бұдан өзге тағы бір тұрғын үй көтеріп үлгерген «Бәйтерек» құрылыс компаниясы бұны жоққа шығарды. Бас директорының айтуынша, 49 соттық жерге актіні әкімдіктегі жер қатынастар басқармасының басшылығы беріпті.
Нұрлан Досаев, «Бәйтерек» құрылыс компаниясының бас директоры:
— Тұрғындарға тиесілі дейтін еш нәрсе жоқ бұл жерде. Тек тұрғындар мында көріп отырғандай бұрынғы демалыс аймағы болған жер 7 жылдан бері біздің жекеменшігімізде. Бүгін құрылыс жүргізіп, өз жерімізге иелік етуге келдік.
Осылайша 7 жылдан кейін «иелігін» көрсетпек болған жекеменшік компания тұрғындардың айқайына қарамастан балалар алаңқайын әп-сәтте қоршап алды.
Ал құрылысшыларға шамасы жетпеген қараша енді ауласын сот арқылы қайтармақ.