Павлодарда оқушы мен мұғалім суға кетіп өлді - kaz.caravan.kz
  • $ 467.65
  • 533.26
+25 °C
Алматы
2026 Жыл
23 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Павлодарда оқушы мен мұғалім суға кетіп өлді

Павлодарда оқушы мен мұғалім суға кетіп өлді

Павлодар облысында оқушы мен мұғалім суға кетіп өлді. Шомылам деп терең суға бір-ақ сүңгіген оқушының батып бара жатқанын көрген сынып жетекшісі оны құтқармақшы боп, шәкіртінің артынан көлге секіріпті. Алайда жүзе алмайтын екеуі де қас қағым сәтте көзден ғайып болған.

  • 20 Тамыз 2013
  • 442
Фото - Caravan.kz

Көптің ажалына айналған мына Қызылжар көлінде кезекті қайғылы оқиға. Жерігілкті мектептің мұғалімі 6 оқушысын ертіп осында демалуға келген. 11 жастағы Әскерхан жүзе алмайтынына қарамастан суға сүңгіпті. Оның тұншығып бара жатқанын көрген ұстазы қоса секірген.

Жақсылық Сәмет, суға кеткен баланың әкесі:

— Дәл тоғайға, көл басына барамын десе, мен оны жібермеуші едім, айналып келгенде мектептің жауапсыздығы, директордың жауапсыздығы деп отырмын енді. Құдайдың ажалынан бұрын кетіп қалды деп ойлаймын. Балам жанып тұрған бала еді. Білмеймін енді.

Ал оқушылардың көл басына кеткенін ата-аналары да, мектеп басшылығы да білмеген екен.

Айкүміс Уатаева, Қызылжар орта мектебінің директоры:

— Мен енді кезкті демалыстамын әлі, міндетімді атқарушы бар. Ешкімнен бұл мұғалім сұранбаған, мына жағдайды әкімшілік білмеген. Мен тек суға кетті дегенді ғана естідім. Бұйрықпен істейтін мұғалім, қалай сұраусыз кеткенін біз әлі күнге дейін түсінбей отырмыз.

Әріптестерінің айтуынша, 16 жылдық тәжірибесі бар Айнагүл Хазезқызы өз ісіне адал, жұмысына тиянақты маман болған. Оқушыларды да ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын ұстаз.


Хазез Ардабай, суға кеткен мұғалімнің әкесі:

— Баланы құтқарам деп, өз оқушысын өз баласынан артық көріп, өзінен туған баласынан артық көріп, артында жұдырықтай екі баласы қалды. Солардан артық көріп, құтқарамын деп өзінің жанын қиды, өз жаны бірге кетті.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл көлде қайғылы оқиға жиі болып тұрады. Бір көргенде шағын әрі таяз болып көрінген көлдің дәл ортасында тереңдігі 5-6 метр шұңқыр бар екен. Дәл сол шұңқырға түсіп, ажал құшқандардың саны 6 адамға жетіпті. Дегенмен бұл жерде әлі күнге дейін «шомылуға тыйым салынған» деген белгі орнатылған жоқ.