Шоу, экстрим, адреналин. Бұл КТК арнасынан көрерменге жол тартқалы отырған тың жобаның болмысы. «Абадан. Жібек жолында» деп аталады. Басты идея авторы «ADAM Media Group» орталығы болса, тапсырыс беруші – Туризм және спорт министрлігі екен. Жауаптылар осылайша іштегі туризмнің дамуына өзіндік септігін тигізбек.
Сергей Рудский, «ADAM Media Group» орталығының продюсері:
— Қазақ тек өркениетті ел емес, жері де көрікті екенін көрсеткіміз келеді. Демалуға түрлі, табиғаты тамаша алқаптар көп қой. Сондықтан, шетелге барып, мұхит асып шарқ ұрудың қажеті жоқ деп ойлаймын.
Топтарға бөлінген сайыскерлер екі мүшеден тұрады. Жас ерекшеліктері, мамандықта да шектеу жоқ. «Қатысамын» дегеннің әрбірі сынға түсіп, спорттық алаңды бағындыруы тиіс.
Тың жобаның алғашқы үміткерлері болып «Жаужүрек мың бала» фильмінің жас актерлары түссе, кезек аты дардай альпинистерге де жетіпті.
Мақсат Жұмаев, альпинист:
— Тек қана бір сөз айтам, бұл қызық. Шынын да өте қиын, бірақ ол бізге ауыр емес. Бәрі жақсы.
Жобаның тағы бір ерекшелігі мұнда сынға алар әділ-қазылар жоқ. Яғни, үздік жұп арнайы ұпайы көрсетілетін тақтайша арқылы анықталмақ. Сол нәтиже бойынша мәреге 10 жұптың тек екеуі өтеді. Десе де, бас жүлде әзірге көрермен үшін құпия түрде қалмақ. Ертеңнен бастап, әр сенбі 17:00-де КТК арнасының жаңа жобасын жіберіп алмаңыздар.