Талай жанның өмірі қиылған Қордай асуында тағы да ірі жол апаты орын алды. Екі «Ауди» көлігі бетпе-бет соқтығысып, 10 адам опат болған. Қабырғаны қайыстырғаны да сол, жеңіл машинаның бірінде қаза болған бес адам бір отбасының мүшелері.
Татьяна Буюкиди, Жамбыл облыстық ІІД ЖПБ инспекторы:
— Әзірге нақты кінәліні айту қиын. Мамандар анықтау үстінде. Дегенмен алғашқы болжам бар. Жүргізушінің бірі қалғып кетіп қарсы бағытқа шыққан. Өте қатты жылдамдықта келе жатқаны анық.
Арқалық-Торғай тас жолы да сенбі күні қанға боялды. Жеңіл көлікті тақымдаған азамат, тізгінге ие бола алмай, жолдан шығып кетіп, сайға бір-ақ құлапты. Көліктің жүргізушісі мен 6 жолаушы сол маңда тіл тартпай кеткен.
Сондай-ақ, дәл сол күні Қостанай облысының Алматы-Екатеринбург тас жолында да қан төгілді. Жүк көлігі мен жеңіл машинасы бір-біріне соғылып, тас талқаны шыққан. 4 адам жан тапсырған. Апатқа, жеңіл көліктің жүргізушісі кінәлі деп танылған. Ол, алдындағы машинаны басып озу мақсатында қарсы бетке шығып кетіпті.
Күре жол бойындағы қайғылы жағдайлар тізбегі, Оңтүстік Қазақстанды да айнылып өтпеді. Түркістан қаласы маңында «Газ-53» пен «Hyundai» шағын автобусы соқтығысқан. Үш адам оқиға орнында жан тәсілім етсе, тағы үшеуі ауруханда ес жимастан бақилық болыпты. Арасында бір жастағы сәби де бар.
Салтанат Қаракөзова, ОҚО ІІД Баспасөз қызметінің жетекшісі:
— Болған оқиға жерінен ГАЗ автокөлігі жүргізушісі қашып кеткен. Бірақ, кеше кешке ол қолға түсті.
Ал Батыс Қазақстан облысында жолға шауып шыққан жылқының кесірінен 6 адамның өмірі қиылды. «Уаз» жүргізушісі малды айналып өтемін деп, қарсы бағытта келе жатқан жеңіл көлікпен бетпе-бет соқтығысқан.