Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар - kaz.caravan.kz
  • $ 468.88
  • 534.1
+35 °C
Алматы
2026 Жыл
15 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Осы аптада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның шетелдегі екі Елшісін тағайындады. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардарда бірқатар кадрлық ауыс-түйіс орын алды. ҚазАқпарат апта ішінде орын алған осы және басқа да тағайындауларға шолу жасайды.

  • 12 Қазан 2013
  • 784
Фото - Caravan.kz

 Сонымен Мемлекет басшысының Жарлығымен Қайрат Қайырбекұлы Лама Шариф Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды. Қайрат Қайырбекұлы Лама Шариф 1962 жылы 1 қаңтарда Павлодар облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің шығыстану факультетін бітірген (1990). Филолог-арабист, шығыстанушы. 1993 жылдан бастап дипломатиялық қызметте — Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Консулдық басқармасының үшінші хатшысы (1993), Қазақстан Республикасының Египет Араб Республикасындағы Елшілігінің үшінші, кейін екінші хатшысы (1993-1996), Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Мәдени байланыстар, гуманитарлық ынтымақтастық және ЮНЕСКО істері жөніндегі басқарманың екінші хатшысы (1996-1997), Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Таяу және Орта Шығыс, Африка басқармасының екінші, кейін бірінші хатшысы (1997-1998), Қазақстан Республикасының Египет Араб Республикасындағы Елшілігінің бірінші хатшысы, кейін Кеңесшісі (1998-2002), Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Азия, Таяу Шығыс және Африка департаментінің бөлім бастығы, кейін басқарма бастығы (2002-2003), Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Азия және Африка департаменті директорының орынбасары (2003-2004), Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі жанындағы Сыртқы саясат орталығының Бас инспекторы (2004-2006), Қазақстан Республикасының Дубай қаласындағы Бас консулы (2006). 2006 жылдың шілде айынан бастап Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы ‎Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі. Ол Қазақстан Республикасының Ислам Конференциясы Ұйымдағы Тұрақты өкілі (2006-2010),

Қазақстан Республикасының Оман Сұлтанатындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы (2008-2010) болған. 2007 жылғы мамыр айынан бастап Кувейт мемлекетіндегі және 2009 жылғы наурыз айынан бастап Бахрейн Корольдігіндегі Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы. 2011 жылғы 7 маусымнан осы кезге дейін ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы болды. Қайрат Лама Шариф «Араб тілінің хрестоматиясы» (2004), «Қазақша-арабша тілашар» (2005), «Қазақстан және әлем елдері» (2005), ‎«Қажылық» (2010) және араб тіліндегі «Қазақстан — Орталық Азияның інжу-маржаны», ‎‎«Экономикалық дамудың қазақстандық моделі», «Қазақстан фактілер мен ‎сандарда», «Қазақстан — көпұлтты ел» және «Киіз үй — көшпенді ‎қазақтардың үйі» атты кітаптардың авторы. Сонымен қатар, оның жалпы редакторлығымен ‎Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жылсайынғы жолдаулары, Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандық жол» және ‎«Ғаламдық қоғамдастықты ‎түбегейлі жаңарту ‎‎стратегиясы және өркениеттер ‎серіктестігі» кітаптары, «Дағдарыстан шығу кілті», «Бесінші жол» және «Еуропадағы қауіпсіздік пен қауіпсіздік ұйымының тағдыры мен ‎болашағы» мақалалары, Қазақстан ‎Республикасының Ата заңы, «Нұрсұлтан Назарбаев — ұлтаралық және ‎дінаралық татулықтың қазақстандық үлгісінің негізін қалаушы» кітабы, ‎Қ.Тоқаевтың «Қазақстан Республикасы дипломатиясы» және «Нұр мен ‎көлеңке» кітаптары араб тілінде және ‎«Қазақстан мен Сауд Арабиясы: стратегиялық ‎әріптестік жолында», «Қазақстанның Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалығы жолында» атты кітаптар орыс тілінде жарық көрді.

Бірінші класты Кеңесші дипломатиялық дәрежесі бар. «Қазақстан Республикасының Ата Заңына 10 жыл» (2005), «Астананың 10 жылдығы» (2008) және «Ерен еңбегі үшін» (2008), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011) медальдарымен марапатталған.

ҚР Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Венгриядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрбах Тұрарұлы Рүстемов Қазақстан Республикасының Сербия Республикасындағы, Бұрынғы Югославияның Македония Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы болып тағайындалды. Нұрбах Тұрарұлы Рүстемов 1965 жылы 31 қаңтарда Шымкент облысының Түркістан қаласында туған. Алматы шет тілдері институтын, Мәскеу қаласында БЛКЖО ОК жанындағы Жоғары комсомол мектебін, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Дипломатиялық академиясын бітірген, экономика ғылымдарының кандидаты, Халықаралық психология және менеджмент академиясының корреспондент-мүшесі. 1986-1987 жылдары — Түркістан қаласындағы №1 орта мектепте ағылшын пәнінің мұғалімі. 1987-1989 жылдары — Қазақстан ЛКЖО Түркістан қалалық комитетінің хатшысы. 1989-1990 жылдары — Қазақстан ЛКЖО ОК жауапты ұйымдастырушысы, бөлім меңгерушісінің орынбасары. 1990-1991 жылдары — «Қазақинторг» РБ Мәскеудегі өкілдігінің сарапшысы. 1992-1993 жылдары — ҚР СІМ Хаттамалық-саяси бөлімінің үшінші хатшысы. 1993-1996 жылдары — ҚР Жоғарғы Кеңесі Парламентаралық байланыстар бөлімінде аға референт, бөлім меңгерушісінің орынбасары, Мемлекеттік делегациялар бөлімінде бірінші хатшы, бөлім меңгерушісі, Мемлекеттік хаттама бас басқармасы бастығының орынбасары. 1996-1997 жылдары — ҚР Президенті жанындағы Жоғары экономикалық кеңес хатшылығының аға сарапшысы. 1997-1998 жылдары — ҚР СІМ Мемлекеттік хаттама басқармасының бастығы, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі хаттама-ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі. 1999 жылдан 2009 жылға дейін ҚР Парламенті Мәжілісінің ІІ, ІІІ және ІV шақырылымдарының депутаты. 2009-2010 жылдары — ҚР-ның Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. 2013 жылғы 15 сәуірден 2013 жылғы 8 қазанға дейін ҚР-ның Венгриядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі.

«Құрмет» орденімен, "Астана" /1998г./, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001г.), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005 г.), «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» (2006 г) медальдарымен марапатталған.


ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша Маңғыстау облысы әкімінің өкімімен Әміржанов Рақымбек Маршалұлы облыс әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Әміржанов Рақымбек Маршалұлы 1964 жылы дүниеге келді. Жоғары білімді. Лениндік комсомол атындағы Новосібір мемлекеттік университетін, Хоккайд университетін (Саппоро қ., Жапония) бітірді. Жоғары кәсіптік даярлығы бар, «Ақтау теңіз сауда порты» РМК-да түрлі лауазымдарда, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары, Солтүстік-Каспий Операциялық компаниясының (NCOC) Маңғыстау облысы бойынша кеңесшісі, «Semurg Invest» ЖШС-нің (Алматы қ.) бизнесті дамыту жөніндегі менеджері, «Теңізқызмет» ЖШС-нің бас менеджері қызметтерін атқарды. Соңғы қызмет орны — облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы.

«Сонымен қатар, Маңғыстау облысы әкімінің өкімімен Сағындықов Жеңісбек Өренұлы облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының қызметіне тағайындалды. Сағындықов Жеңісбек Өренұлы 1975 жылы дүниге келді. Жоғары білімді. Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетін, «Ұлағат» университетін, тау-кен, экономист-менеджер мамандығы бойынша Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей халықтық шаруашылық және мемлекеттік қызмет академиясын, МВА: менеджмент — халықаралық бизнес академиясын бітірді», — деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.

Жоғары кәсіптік даярлығы, мұнай-газ өндіру секторындағы өндіріс жұмыстарында үлкен тәжірибесі бар. «Маңғышлақмұнай» ӨО, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Ақтаумұнайқызмет» ЖШС, «ҚазмұнайГаз» ҰК» АҚ-да қызмет атқарды.

Соңғы қызметі — «БК Степной Леопард» ЖШС-де өндіріс жөніндегі бас директордың орынбасары.

Сонымен қатар, Маңғыстау облысы әкімінің өкімімен Төлеуғалиева Гүлзайда Бектұрқызы облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының қызметіне тағайындалды. Төлеуғалиева Гүлзайда Бектұрқызы 1966 жылы дүниеге келді. Жоғары білімді. Мәдени-ағарту қызметкері мамандығы бойынша Әл-Фараби атындағы Шымкент мәдениет педагогикалық институтын аяқтады. Мәдени-ағарту саласында тәжірибесі мол. Соңғы қызмет орны — Маңғыстау облыстық ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің басшысы, баспасөз хатшысы.

Қазақстан Республикасының Бас прокурорының бұйрығы және Бас көлік прокурорының ұсынуымен Ерлан Төлегенұлы Төлегенов Павлодар көлік прокуроры болып тағайындалды. Ерлан Төлегенов 1979 жылғы Солтүстік Қазақстан облысының тумасы. Шығыс Қазақстан облысы бойынша Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің басқару органдарында, Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасында, кейіннен Астана қаласының прокуратурасында қызмет етті. 2011 жылдан бері Бас көлік прокуратурасы басқармасы басшысының орынбасары, кейіннен басшысы болып қызмет атқарды. Жалпы прокуратура органдарында 9 жылдық еңбек өтілі бар.

«Бәйтерек» Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорыны» АҚ акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысының сырттай дауыс беруі нәтижесінде Қуат Мұстафинов «Бәйтерек» БМ» АҚ-ның Бас директоры болып сайланды. Қуат Мұстафинов Ярославль қаласындағы Ұлы Октябрьдің 60-жылдығы атындағы әуе қорғанысының Ярослав жоғары зениттік ракеталық командалық училищесі мен Тверь қаласындағы Әскери әуе шабуылына қарсы қорғаныс университетін тәмамдаған. Оқу бітірген соң түрлі жылдарда КСРО-ның, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарында кадрлық әскери офицер болып қызмет атқарған. 2010 жылдың 13 қаңтарынан — «Бәйтерек» БК» АҚ Бас директордың орынбасары-«Байқоңыр» кешеніндегі филиал директоры. Қ.Мұстафинов соңғы 2 жылда «Бәйтерек» БК» АҚ Бас директордың міндетін атқарып келген.