Жатыр мойыны обырының алдын алмақ болған дәрігерлердің алғашқы әрекетінен кейін-ақ жұрттың жүрегі шайлығып қалған. Қазір бұдан секем алған ата-аналар енді екпеден үзілді-кесілді бас тартуда.
Ирина Дидешина, Павлодар қаласының тұрғыны:
— Ешқандай құлақтандыру жүргізілген жоқ. Тек, екпе жасалуы тиіс дегенді естідік. Ал оның жай-жапсары, кімге, не үшін егілетіні және әсері туралы айтылған жоқ.
Қымбат препарат тегін таратылуда. Қазірдің өзінде Павлодар өңірінде адам папилломасы вирусына қарсы екпенің үштен бірі қолданылып үлгеріпті. Әйтсе де, бұл ұсыныстан бас тартқандардың қарасы қалың. Оларға ешқандай мәжбүрлі екпе жасалмайды деп отыр мамандар.
Советхан Смаков, Павлодар облыстық Денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары:
— Бұл жасалынып жатқан екпе әр әке-шешенің рұқсатымен жасалынып жатыр. Сондықтан біреу қарсы бармаймын десе, оған ешкім зорлық жасамайды.
Ал келісімін бергендерге екпе жұмыстары алдағы уақытта қайта жалғаспақшы. Дегенмен бастаманы қолдамайтындардың көптігінен, вакцинациялаудың қанша уақытқа созылатыны әзірге белгісіз.
Надежда Тарапченина, Павлодар қалалық №43 мектебінің мейірбикесі:
— 30 оқушыға екпе жасауды жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта 12 адам келісім беріп, 18-і қарсы шықты. Вакцинаны 15-нен кейін әкеледі.
Мамандардың айтуынша, Павлодар өңірі қазір онкологиялық аурулар бойынша көш бастап тұр. Мұндағы жатыр мойыны обырына шалдыққандардың қатары азаюдың орнына, күн өткен сайын көбейіп барады. Сондықтан осы жолы қауіпті аурудың алдын-алу мақсатында 4 мыңнан астам жеткіншекті вакцинациялау жоспарланған.