Қазақстанда І жартыжылдықта 63,4 млрд кВтсағ электр энергиясы өндірілді - kaz.caravan.kz
  • $ 477.11
  • 545.58
+31 °C
Алматы
2026 Жыл
14 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстанда І жартыжылдықта 63,4 млрд кВтсағ электр энергиясы өндірілді

Қазақстанда І жартыжылдықта 63,4 млрд кВтсағ электр энергиясы өндірілді

Есепті кезеңде мұнай өндіру көлемі 45,7 млн тоннаны немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 91,6%-ды құрады. Бүгінгі таңда, ірі жер қойнауын пайдаланушылармен мұнай өндіру көлемін арттыру бойынша келіссөздер жүргізілуде. Бұл туралы Үкімет отырысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.

  • 14 Шiлде
  • 1
Фото: primeminister.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы primeminister.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Министр Қашаған кен орнында бұрын қысқарған өндіріс көлемінің орнын толтыру мақсатында жоспарлы-алдын алу жөндеу жұмыстары кейінге шегерілгенін атап өтті.

«Бұл 2 млн тоннаға дейін мұнай көлемінің орнын толтыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі күнге жалпы шығын көлемі 4,9 млн. тоннадан 3,3 млн тоннаға дейін қысқартылды. Осы жылғы мұнай өндіру болжамы – 98 млн тоннаны құрайды. Алты айдағы мұнай өңдеу көлемі 8,98 млн тоннаны құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 97,9% болды. 2026 жылғы болжам – 18,2 млн тоннаны құрайды. Есепті кезеңде 33,4 млрд текше метр газ өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 95,9%-ды құрайды. Ағымдағы жылға болжам – 64,5 млрд текше метр», — деді министр.

Сонымен қатар ведомство басшысы газ саласының басым міндеттерінің бірі жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске қосу болып саналатынын айтты. Жылдың соңына қарай «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральді газ құбырының екінші желісінің бірінші кезеңінің желілік бөлігінің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Жобаны жүзеге асыру болашақта газ тасымалдау инфрақұрылымын кеңейтуге және өңірлерді тұрақты газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Алты айдың қорытындысы бойынша тауарлық газ өндіру көлемі 12,2 млрд текше метр немесе өткен жылдың сәйкес кезеңіне 87,1% болды. 

«Биылғы болжам – 27,5 млрд текше метрді құрайды. Қаңтар-маусым айларында көмір өндіру көлемі 58,9 млн тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың нақты көрсеткішімен салыстырғанда 112,4% болды. Жылдық болжам – 128,8 млн тонна көлемінде. 4 айда көмір экспортының көлемі 10,1 млн тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 104,1% болды. Жылдық болжам – 33,2 млн тонна. 6  айдың қорытындысы бойынша 63,4 млрд кВтсағ электр энергиясы өндірілді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 101,9% құрады. Ағымдағы жылға арналған болжам – 126,5  млрд кВтсағ», — деді министр.

Министр электр энергиясының тапшылығын азайту үшін, осы жылы шамамен 2,66 ГВт энергетикалық қуаттарды іске қосу жоспарланып отырғанын айтты. Бұл Алматы қаласындағы екінші және үшінші жылу электр орталығының жаңғыртылуы, Түркістан облысындағы бу-газ қондырғысының құрылысы, Атырау жылу электр орталығында №11 турбиналық агрегатын және №15 қазандығын іске қосу, Текелі энергокешенінде үш қазан-пайдалану қазандығын және генератормен бу турбинасын енгізу, сондай-ақ жиынтық қуаты 145,8 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің объектілері. Бүгінгі күнге Қызылорда облысында қуаттылығы 240 МВт бу-газ қондырғысы мен қуаттылығы 212,6 МВт жаңартылатын энергия көздерінің 7 жобасы іске қосылды. Жаңартылатын энергия көздері объектілерінде электр энергиясын өндіру көлемі 5,1 млрд кВтсағатты құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 121,2% болды. Ағымдағы жылға арналған болжам – 8,8 млрд кВтсағатты құрайды.