Атырау өңіріндегі қараусыз қалған ұңғымалардың ұзын саны қазір мың жарымға жуықтапты. Өткен ғасырдың 60-шы, 70-ші жылдары пайдаланылған олардың басым бөлігі қазір иесіз қалған. Ашық-шашық жатқан осы кен орындарын бітеуге, маңайын тазалауға ұзақ жылдар бойы қазынадан қомақты қаржы да бөлініп келіпті. Алайда, соңғы 4 жылдан бері бұл мақсатқа көк тиын жұмсалмаған. Бақылау кеткесін қауіп те күшейді деген облыс әкімі енді мәселеге Үкіметтің араласауын сұрап отыр.
Бақтықожа Ізмұхамбетов, Атырау облысының әкімі:
— Егер осы ұңғымаларды герметикалық сақтау шарттары бұзылса, үлкен экологиялық апат болуы мүмкін. Ал бір жағынан оларды жою үшін қомақты қаржы керек. Апаттың алдын алу үшін Мемлекет басшысының алдына осы мәселені қойдым. Өйткені апаттың алдын алу маңызды. Ал, оның қалай болатынын Үкімет шешеді.