Генерал А.Бөлдешев мемлекеттен жеген миллиондарына монша салған - kaz.caravan.kz
  • $ 477.11
  • 545.58
+29 °C
Алматы
2026 Жыл
14 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Генерал А.Бөлдешев мемлекеттен жеген миллиондарына монша салған

Генерал А.Бөлдешев мемлекеттен жеген миллиондарына монша салған

Бюджеттен ұрлаған ақшаға монша  тұрғызған. Бүгін Әуе қорғанысы күштері Бас қолбасшысының орынбасары  Асқар Бөлдешовке  қатысты алғашқы  сот отырысы басталды. Айыпталушылардың қатарында генерал-майордың кәсіпкер досы да бар. Бір қызығы азық-түлік жеткізумен айналысатын жеке компания қару-жараққа қатысты тендерге қатыстырылған. Сөйтіп қос сыбайлас  С-300 зенитті-зымыран кешеніне қосалқы бөлшектер жеткіземіз деп қазынаның 145 млн теңгесін жымқырыпты. Процессте 46 жастағы шендінің бөлім командирлерінен заңсыз ақша жинап келгені де анықталды.

  • 31 Қазан 2013
  • 344
Фото - Caravan.kz

Жеті ай бойы тергеліп изоляторда отырған Асқар Бөлдешов кісенмен сотқа жеткізілді. Генерал-майордың сыбайласы кәсіпкер Талғат Жұмаханов үшін де бүгін ауыр күндердің бірі. Оның неге екені белгісіз сол жақ көзі жұмылып қалған. Бірақ күдіктілердің жүзінен үрей сезілмейді. Қос-қостан адвокаты бар. Ал ірі көлемде алаяқтық жасап қызметін асыра пайдаланды деп ауыр айып тағылған генерал кінәсын мойындамай отыр.

Асқар Бөлдешов, Әуе қорғанысы күштері Бас қолбасшысының бұрынғы орынбасары:

—  Тергеу біржақты жүрді. Мұны қалай түсінуге болады. Түсіндіріп жатқан ешкім жоқ. Менің пікірімді сұрап жатқан біреуі жоқ. Ойларына келгенін істеп жатыр.

Қорғаныс министрлігіне қарасты Әуе қорғанысы күштері Бас қолбасшысының бұрынғы орынбасарын орға жыққан тендер. Асқар Бөлдешов бұған дейін күш құрылымдарына  азық-түлік жеткізумен айналысып келген өзінің жақын досы Талғат Жұмахановқа тиесілі «RG Trade» компаниясын мемлекеттік сатып алуға қатыстырыпты. Бір қызығы әскери техникадан мақұрым фирма Алматы облысы Боралдай кентіндегі қазақ әуе қорғанысының негізгі күші С-300 зенитті-зымыран кешеніне қосалқы бөлшектер жеткізуі тиіс болған. Кейін әкелінген  құрал-сайман жарамсыз боп шықты. Оны орнатқанда зымырандар ұшуға жарамай, ал радиолокациялық станция шекара бұзған бірде-бір ұшақты таба алмас еді.

Нұрбек Ұзақов, әскери прокурор:

Әскери бөлім тиісті мамандардың жоқтығына байланысты алғашында қосалқы бөлшектерді қабылдаудан бас тартқан. Бірақ Бөлдешев қызметін бабын асыра пайдаланып қарамағындағыларға қабылдау актісіне күштеп қол қойғызған.

Тергеу материалдарына сүйенсек, ым-жымы бір қос сыбайлас  бюджеттен тендерге бөлінген 200 млн-ды өзара бөліп алмақ болған. Соның 145 млн теңгесін «RG Trade» фирмасының есеп шотына аударып та үлгерген екен. Кейін қаржының бір бөлігіне  кәсіпкер досы Асқар Бөлдешовтың  ауылдағы әке-шешесіне монша тұрғызып берген. Сотта шендінің басқа былықтары да әшкереленді.


 Нұрбек Ұзақов, әскери прокурор:

Бөлдешов түрлі мерейтойларға,  халықаралық «Кадех» қару-жарақ көрмесін өткізуге деп әскери бөлім командирлерінен 10 мың 90 мың теңгенің аралығында ақша алып отырған. Қаржыны жеке банк карточкасына аудартқызыпты. Оның нөмірін телефонмен болмаса смс хабарлама арқылы жолдаған. Екі жыл ішінде офицерлерден 1 млн 648 мың теңге жинап алып қалтасына басқан.

Сот процесі үш айға созылуы мүмкін. Осы аралықта мына автозак екі күдіктінің сотқа таситын тұрақты көлігіне айналады.

Қылмыстық іс 30 томды құрап отыр. Елу куәгер тыңдалуы тиіс. Қазына қаржысын жымқырды деп шатылып жатқан генерал-майор Асқар Бөлдешовтың кейбір әріптестері алғашқы тыңдауда жеке өмірі үшін алаңдап құпия бөлмеден бүркеншік атпен түсінік берді. Ал айыпталушылардың кінәсі дәлелденсе, кемі он жылға абақтыға жабылуы мүмкін.