Дүбірлі дода 7-ші желтоқсанда Таразда өтеді. Әулиеата жеріне 8 мемлекеттің құрамасы келуге ниет білдіріпті. Моңғолия, Қытай, Иран, Польша мен Ресейдің білекті жігіттері бозкілем үстінде өзара мықтыны анықтамақ. Жарыстың жүлде қоры — 80 мың доллар. Бұл турнирге бұған дейін «Қазақстан барысында» топ жарған 5 балуан қатысуға өтініштерін тапсырған. Олардың арасында көпке танымал Бейбіт Ыстыбаев пен Айбек Нұғымаров сынды дүлдүлдер бар. Сондай-ақ жарысты әлемдік арналар 120 мемлекетке тікелей эфир арқылы таратпақ.
Арман Шораев, «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қорының төрағасы:
— Біздің көрсетілімге Түркияның атақты ТРТ спорт деген арнасы қатыспақ. Ол бүкіл Азияны, Африканы, Араб елдерін қамтиды, Европаны айтпағанда. Сондықтан алдымызға қойған мақсатымыз — қазақ күресін бүкіл әлемге таныту жұмысы әлдеқайда жақсы болады деймін. 2-3 жылдың ішінде тек «Еуразия барысы» емес «Әлем барысын» өткізетін жағдайға келеміз деп ойлаймын.