Сонымен қатар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлықтарымен Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы жанындағы Тұрақты Өкілі Қазақстан Республикасының Канададағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Қазақстан Республикасының Куба Республикасындағы, Доминикан Республикасындағы, Ямайкадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі міндетін қоса атқарушы қызметіне тағайындалды.
ҚазАқпарат апта ішіндегі кадрлық тағайындауларға шолу жасайды.
Сонымен Мемлекет Басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы жанындағы Тұрақты Өкілі қызметіне Бақыт Дәнебекұлы Батыршаев кірісті. Ал Елбасының келесі Жарлығымен Қазақстан Республикасының Канададағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Константин Васильевич Жигалов Қазақстан Республикасының Куба Республикасындағы, Доминикан Республикасындағы, Ямайкадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі міндетін қоса атқарушы қызметіне тағайындалды.
Осы аптада Тастанбек Есентаев Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы болып тағайындалды. Жаңа басшыны Агенттік қызметкерлеріне ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов таныстырды. Тастанбек Есентаев 1960 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 1985 жылы Қарағанды педагогикалық институтының бастауыш оқу және дене тәрбиесі, ал 2007 жылы Қазақстан-Ресей университетінің құқықтану факультеттерін бітірген. Сондай-ақ, Бангкоктағы тай боксы университетінде «Тай боксынан жаттықтырушы-нұсқаушысы» курсынан өткен. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, самбодан спорт шебері, кикбоксингтен қара белбеу иегері. Ол балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінде тай бокстан және кикбоксингтен жаттықтырушы, Қарағанды облысының жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры, Қарағанды облысының Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарды. Сонымен қатар, Қарағанды облысының Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің төрағасы болып қызмет етті. Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі Жоғары жетістіктер спорты және спорт резерві департаментінің директоры, Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының орынбасары болып жұмыс істеген.
Батыс Қазақстан облысның әкімі Нұрлан Ноғаевтың өкімімен және Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен Санжар Жұматайұлы Әлиев Тасқала ауданының әкімі болып тағайындалды. С.Ж.Әлиев 1978 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары, 2000 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін экономист-бухгалтер, 2002 жылы Орталық Азия Университетін заңгер мамандықтары бойынша бітірген. 2001-2002 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінің Бюджетті жоспарлау және қаржы департаменті бас маманының міндетін атқарушы, бөлім бастығы, индикативтік және қаржылық жоспарлауды жиынтық талдау және қаржы басқармасының жетекші маманы. 2002-2012 жылдары қаржы полициясында, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті бастығының орынбасары қызметтерін атқарған. 2012 жылдан ҚР Президенті Әкімшілігі құқық қорғау жүйесі бөлімінің сарапшысы, инспекторы.
Ал Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтың өкімімен «Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» ММ жетекшісі болып Алтынбек Әмірғалиев тағайындалды. А.Әмірғалиев 1967 жылы туған. Батыс Қазақстан Ауыл шаруашылығы институтын агроном ғалым мамандығы бойынша, Алматы Экономика және статистика институтын есепші-экономист мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1992 жылы Ақтөбе облысының Исатай аудандық қаржы бөлімінің аға, кейінірек бас маманы болып бастады. Артынан Ақтөбе облысының Исатай аудандық халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің меңгерушісі болып, Ақтөбе облысы Хобда аудандық қаржы бөлімінің меңгерушісінің орынбасары, Хобда ауданы әкімінің орынбасары, Ақтөбе облысы Хромтау ауданының Тассай ауылдық округінің әкімі болып қызмет атқарған. Ақтөбе облысы бойынша Көші-қон комитетінің департаменті мен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасын басқарған. Түрлі жылдары Ақтөбе облысының Мәртөк және Ойыл аудандарының әкімі болып істеді. 2012 жылдың мамырынан бері Ақтөбе облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары болып қызмет етті.
Соңғы тағайындау, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бұйрығымен Батыржан Берденұлы Мансұров ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкіл және облыстық орталық «Иманғали» мешітінің бас имамы қызметіне тағайындалды. Батыржан Мансұров бұған дейін Алматыдағы «Таугүл-3» мешітінде наиб имам қызметін атқарды. Мысырда мұғалімдер дайындайтын курс тәжірибесінен өткен. Қазақ ұлттық университетінің PhD докторанты. Ол — бірнеше мақалалар мен зерттеулердің, кітаптардың авторы.