Ақмола облысындағы Красногор кенті адам көргісіз деңгейге түскен - kaz.caravan.kz
  • $ 464.71
  • 531.26
+33 °C
Алматы
2026 Жыл
12 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ақмола облысындағы Красногор кенті адам көргісіз деңгейге түскен

Ақмола облысындағы Красногор кенті адам көргісіз деңгейге түскен

Жұртта қалған Красногор! Осыдан жарты ғасыр бұрын бүкіл Кеңес Одағын уран шикізатымен қамтыған Ақмола облысындағы осы кент бүгінде адам көргісіз деңгейге түскен. Тұрмыс тауқыметіне шыдамағандары тентіреп, елді-мекенде кәрі-құртаң ғана қалған. Оның өзінде қиранды үйлердің арасында тұрып, қара суға дейін сатып ішіп отыр. Жұртта қалған тұрғындардың күндегі тірлігі осы.

  • 26 Қараша 2013
  • 358
Фото - Caravan.kz

Мынау Ақмола облысындағы Красногор ауылы – бүгінгі келбеті адам шошырлық. Құдды бір соғыстан кейінгі көрініс секілді. Ауылдан көрік қашқалы жарамсыз үйден 6 мың отбасы көшіп кеткен. Қалғандары өлместің күнін кешіп жатыр. Бірі суды сатып ішеді, бірі ондаған шақырым жерден  тасып ішеді.

80-ді алқымдаған Валентина Власова Красногорге жарты ғасыр бұрын келген. Кезінде кент маңында уран өндірілгенде кеншілерге қыруар жалақы төленген. Жақсы ақша берілген жерге жұмысшылар негізінен сырттан тартылыпты. Бүгінгі жұртта қалғандары да сол буынның өкілдері. Қазір зейнетақыларына қаладан тамақ тасып ішеді. Бірен-саран еңбекке жарамды жастарының ауызы арақтан кеппейтіні көрініп тұр.

Валентина Власова, Красногор ауылының тұрғыны:

— Осы да өмір ме? Суды қайдан аларымды білмеймін. Қашан жуынғаным да есімде жоқ. Бұл жердің бәрін талан-таражға салып, кірпішіне дейін алып кетіп жатыр. Бізді Есіл қаласына көшірмекші. Мені ол жерге сотпен де сүйреп апара алмайды!

Аудан басшылығы тұрғындарға орталыққа көшіңдер деген екен, бірақ оған ешқайсының келіскісі жоқ. Ертеден қара кешке дейін Валентина қария сияқты бірлі-екілі ұсақ жандықтың соңында жүр.


Қали Рахметов, Есіл ауданының әкімі:

— Елді-мекен қайта қалыпқа келмейді. Қалған тұрғындарды көшіреміз. Аудан орталығынан үй салынып жатыр. Содан кейін комиссия құрып, жарамсыз үйлерді қиратамыз.

Экономикасы дамыған, ел-жұрты байыған Красногрдың келбеті тек мынадай мұрағаттарда ғана қалған.

Жарты ғасырға жуық бүкіл кеңес одағын уранмен қамтыған шахта қазір қаңырап қалған. Көненің көзіндей тек айдалада ғимараты ғана тұр. Ал, тұрғындар болса бұл жердің құбырына дейін тонап кеткен екен.

Красногорға көлік қатынамайды, жолы да шұрық-тесік. Келетіндер жүк көліктері, оның өзінде бүтін кірпіштерді жинап жүр. Ауыл маңайындағы шахта ғана емес, зәулім ғимараттарды кезінде түрмеде жазасын өтегендер салған екен. Кітапхана, 2 мектеп, 2 аурухана, тіпті, мәдениет үйі де солардың қолымен тұрғызылған. Жазасын өтеушілердің ауылдағы бүгінгі жарымжан мұрасын Ленин ғана «міне» деп көрсетіп тұрғандай, алыстан мен мұндалайды.