Ресейліктер жасаған операциядан сал боп қалған баланың ата-анасы сотқа жүгінді - kaz.caravan.kz
  • $ 464.71
  • 531.26
+33 °C
Алматы
2026 Жыл
12 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ресейліктер жасаған операциядан сал боп қалған баланың ата-анасы сотқа жүгінді

Ресейліктер жасаған операциядан сал боп қалған баланың ата-анасы сотқа жүгінді

Ақтөбеде ресейлік дәрігерлердің операциясынан соң сал болып қалған бүлдіршіннің ата-анасы облыстық денсаулық сақтау басқармасын сотқа берді. Шенеуніктердің Түменнен аттай қалап алдыртқан хирургтері кәсіби маман болмай шыққан. Сол дүмше дәрігерлердің шала ісінен бала сырқатынан айықпақ түгілі, төсек тартып қалыпты. Ал ресейліктер ақшаны алып жөніне кеткен. Енді жауабын жергілікті шенділер берсін деп отыр қамыққан ата-ана.

  • 27 Қараша 2013
  • 503
Фото - Caravan.kz

Сал боп қалған Ғарифолланың анасы Ақжамал Есмаханованың көз жасы құрғамағанына 2 жылға жуықтаған. Жүрегі ауыратын баласын ресейліктер сауықтырады дегенде бірден келісім бергеніне енді өкініп отыр. Әр есікті қағып, көмек сұраудан шаршаған ана облыстық денсаулық сақтау басқармасын сотқа берді. Емге кететін ендігі шығынды, яғни 10 млн теңгені сол шенеуніктер өтесін деп отыр. Тек бармақ басты көз қыстыдан жүрегі шайлықса керек, соттың Ақтөбеде өткенін қаламайды.

Ақжамал Есмаханова, Ғарифолланың анасы:

— Осы мына жерде сот әділдік жасап отқан жоқ. Астанаға жіберу керек еді. Бұл жақтың ісіне көңілім толмай жылап отырмын Ақтөбенің. Қарға қарғаның көзін шұқымайды дейді. Осы жерде бәрін шешіп не қылып отқан сияқты.

Жәбірленуші тарап қыруар ақшаға Түменнен арнайы алдырған дәрігерлердің кәсіби біліктілігіне күдіктеніп отыр. Себебі операцияға қатысқан ресейлік маманның біреуіне Қазақстанға келуіне шектеу қойылса, екіншісінің профессор деген атағы жалған болып шыққан.


Руслан Махамбетов, адвокат:

Профессор деп шақырған Горбуновтың ондай атағы жоқ. Алғашқы сараптамада медициналық көмек көрсетуге рұқсаты жоқ деп шешті. Операцияға қатысқан өзге дәрігерлердің сертификаты болмаған. Тек мейірбикелер ғана талапқа сай болыпты.

Осыдан бір жарым жыл бұрын жүрегінде ақауы бар алты балаға операция жасау үшін ресейлік дәрігерлерді шақыртуға бюджеттен сегіз миллион теңге бөлінген еді. Бірақ сол емнен кейін бір сәби көз жұмып, екі бүлдіршін төсектен тұра алмай қалған.

Облыстың денсаулық саласына жауаптылар мәлімдеме жасаудан бас тартып отыр. Ал егер сот арызымды қанағаттандырса Кореяға барып ұлымды емдетер едім дейді Ақжамал Есмаханова. Өйткені биыл сол елде алғашқы емдік курстан өтіп келіпті. Енді екінші қайтара бару үшін шетелдік дәрігерлер қызметтеріне елу мың доллар сұраған екен.