Жылу беретін мекеме басшыларының көп сөзінен шаршағандар бүгін жұмысты қойып, наразылық шарасына шықты. Өйткені бірнеше айдан бері айлық алмаған.
Надежда Файникова, Еден жуушы:
— Басшыларымыздың жалақысы 125 мың теңгеден асады. Біздікі бар болғаны — 30 мың! Соның өзін ала алмай жүрміз!
Бала-шағамызды қалай асыраймыз деп аласұрған жұрттың ашуында шек жоқ. Жұмысты біржола тастап, бүкіл қаланы жылусыз қалдыруға тағы ары жібермейтіндерін айтады.
Саят Тоқмұрзин, №3 жылу учаскесінің қызметкері:
— Қаншама халық тұр, ашынғаннан тұр! Еріккеннен емес! Ертең көтеріліс жасаймыз деп отыр. Бір күні келісіп. Соған итеріп тұр енді! Қазір мына жігіттер жұмысқа шықпаса, бәрі тұрып қалады.
Халықты сабырға шақыруға әкімнің орынбасары жедел жетті. Жұмысшылардың арызы да қордаланып қалған екен. Айтуларынша, жалақы төлемей қашып жүрген басшылық соңғы кезде ағайын-туысты түрлі қызметке тағайындаудан қолы босамайтын көрінеді.
Шенеуніктер болса, халықтың жылу ақысына қарыз екенін айтып ақталды. Оның үстіне түрлі шығынның әсерінен мекеме қай жыртығын жамайтынын білмей әуре-сарсаңға түсіп жүр екен.
Асхат Қосжанов, Семей қаласы әкімінің орынбасары:
— Мекеме көмір сатып алуы керек, электр ақысын өтеп, салық төлеуі тағы бар. Барлығын бөліп төлеп, ақырындап амал жасап жатырмыз.
Қазірде жұмысшылардың жалақысы төңірегіндегі дауға прокуратура да араласқан. Қоластындағылармен уақытылы есеп айрыспаған басшылық айыппұл төлейтін түрі бар. Сондай-ақ қала әкімдігі мекемеге негізсіз қызметке алынғандардың орындарын босатататын жеткізді. Ал жалақы болса жыл соңына дейін толық төленеді деп ант су ішті.