Қаскөйлер алдымен №33 бағытта қатынайтын мына автобусты көздеген. Бүгін жыртығын жамап қайта жолға шығыпты. Қоғамдық көліктің жүргізушісі қас-қағым сәтте болған оқыс оқиғаның жай- жапсарын есіне түсіруге тырысты.
Мұрат Бермұхамедов, автобус жүргізушісі:
— Тарс ете қалды. Доңғалақ жарылған шығар дедім. Елдер шулап жатыр. Сөйтсем оқ атылған екен.
— Атылған оқ терезенің мына жерін тесіп өткен. Шыны қалдықтары әлі күнге дейін шашылып жатыр. Ал мына тұста тұрған кондуктор атылған оқтың құлағымның түбінен зу ете қалғанын анық сездім дейді. Абырой болғанда салонда жолаушылар аз болған.
— Құдай сақтап аман қалдық. Сұмдық қой. Бұлай істеуге бола ма? Адамдар өліп кетуі мүмкін еді ғой.
Автобустың алдыңғы және бүйіріндегі терезесі мен айнасы да сынған. Дәл сол уақытта, осы бағыттағы тағы бір қоғамдық көлікке оқ атылып, оның бүйіріндегі үш терезенің күл-талқаны шығыпты. Полиция қазір бұзақылыққа қатысты іс қозғады. Ал автопарк басшылығы мұны жол жүру ақысы төңірегіндегі дауға қатысы жоқ деп отыр.