Ал мәскеулік “ЦСКА” сырт алаңда чехияның “Виктория” командасымен кездесті. Өз тобында үшінші орын алып, Еуропа Лигасында өнер көрсетуді мақсат еткен ресейліктер жерге қарады. Екінші таймның ортасында Ахмет Мұса қонақтарды алға шығарған. Алайда үлкен күшпен шабуылдаған “Виктория” өз дегеніне жетті. 76-шы минутта Даниэл Коларж таразы басын теңестірсе, соңғы минутта Томаш Вагтер командасына жеңіс сыйлады. Бүгін біздің арнада үлкен футбол кеші жалғасады. Түңгі сағат 00:45 те “Наполи” мен “Арсенал” арасындағы матчты көріңіздер.
Шотландияда шайбалы хоккейден бірінші дивизиондағы жастар құрамалары арасында әлем чемпионаты жалғасуда. Алғашқы бәсекеде Украинаны ұтқан Қазақстан жастар құрамасы, кезекті турда 6:1 есебімен Ұлыбританиядан алда болды. Өз тобында көш бастаған жерлестеріміз 13-ші желтоқсан күні Италиямен күш байқасады.
Ел чемпионатына кезек берсек, сейсенбіде үш матч өтті. Соның бірінде теміртаулық «Арыстан» өз алаңында 0:3 есебімен «Горняктан» жеңілді.
Теміртау мұз айдынында өткен матчтың бірінші бөлігінде есеп ашылған жоқ. Есесіне екінші кезеңнің соңғы минуттарында алаң иелері екі рет сан-соғып қалды. Алдымен Степан Жданов көзге түссе, артынша кезекті комбинацияны голға асырған Марсель Молдахметов есепті 2:0 жеткізді. Ал, екі команда арасындағы бірінші матчқа нүкте қоған үшінші шайбаны Сергей Севастьянов соқты. Осы күні «Бүркіт» 5:2 есебімен «Алматыны» ұтса, «Арлан» өз алаңында «Бейбарысқа» дес бермеді. Мұндағы есеп 3:1.
Бүгін Астанадағы «Дәулет» спорт клубы кешенінде грек-рим күресінен Президент кубогы үшін 4-ші халықаралық турнир жалауын көтерді. Дәстүрлі жарыста тек Қазақстанның өзінен 58 балуан күш сынасады.
Олардың арасында ұлттық құраманың беткеұстар палуандары да бар. Аса ауыр салмақта әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері Нұрмахан Тыналиев, Бакудегі финалдық Гран-придің жеңімпазы Нұрсұлтан Қалмырзаев, Азия чемпионы Ербол Қоңыратов және басқалары дүбірлі доданың көрігін қыздырары сөзсіз. Президент кубогының жүлдегерлері мен жеңімпаздары ертең белгілі болады.