Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев "Мерейлі отбасы" Ұлттық конкурсы туралы 2013 жылғы 6 желтоқсандағы №250 Өкімге қол қойды, деп Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
"Өнегелі құндылықтарды және отбасы мен некенің жағымды бейнесін санаға сіңіру, отбасы мәртебесін арттыру мақсатында "Мерейлі отбасы" ұлттық конкурсы (бұдан әрі — конкурс) жыл сайын өткізілетін болып белгіленсін",- делінген өкімде.
"Мерейлі отбасы" ұлттық конкурсының лауреаты атағын беру жөніндегі комиссия (бұдан әрі — Комиссия) орталық мемлекеттік органдар басшыларының қатарынан және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы айқындайтын оның бес мүшесінен қалыптастырылады.
Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Әйелдер iстерi және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссияның (бұдан әрі — Ұлттық комиссия), сондай-ақ Астана және Алматы қалалары, облыстар әкімдерінің жанындағы әйелдер iстерi және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi комиссиялардың (бұдан әрі — өңірлік комиссиялар) қолдауымен Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі конкурстың ұйымдастырушылары болып табылады.
Комиссияның лауазымдық құрамын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.