Нұржан Жұмабековтің үйіне жасалған қарулы шабуыл желісі голлувудтың фильміне бергісіз. Таңғы төрттің шамасында баса-көктеп кірген бір топ жігіт қойшының көмекшісін ұрып-соғып, қару кезенген. Мұнан соң бала-шағаға қырғидай тиіпті.
Нұржан Жұмабеков, қойшы:
-Бүйтіп фонарьды жақсам үшеуі қолына кесілген шолақ мылтықтары бар екен. Сосын шығыңдар деп фонакрикпен ұрып едім. Ұрған кезде атып жіберді. Сосын осы жерге артқа тұрдым да, е кірмеңдер мына жақта бала-шағам бар алатындарыңды алыңдар да кетіңдер деп мына жерде тұр едім біреуі келіп, битамен ұрды қолымнан.
Мұздай қаруланған топтың атқан оғының ізі әлі бар. Бөлмеде болған әйелі мен екі және үш жастағы қос бүлдіршінге қарамаған озбырлар Нұржанның қолын скотчпен матап, үй-ішін түгел тінтіпті. Кейін 400 мың теңгесі мен әйелінің күміс әшекейін алған.
Бибігүл Әбдірахманова, Нұржан Жұмабековтің әйелі:
-Мына балам сөйлемей қалды уже. 4 күн сөйлемеді енді бастады. 10 күннен бері уже ауырып жатыр. Түнде жылайды оянып, папа ана бабайлар келе жатыр пах-пах деп жылайды. Сосын, папасы мылтықты алып ана жақа мына жаққа жүгірсе содан кейін барып ұйықтайды.
Шопанның қасқырдан қорғанар мылтығы мен есік алдындағы қос көлігі де қолды болған. Қарақшылар құжаттарын алып, машинасына мініп қашыпты. Таңға жуық түгі қалмаған көлік тас жолдың маңынан табылды.
-Қазір Нұржан Жұмабековтің үйін 5 төбет күзетеді. Ал, оқиға болардан 3 күн бұрын төбеттердің ең қабағаны, алабай тұқымдас ит жоғалып кеткен. Сондықтан, Нұржан қарақшылық шабуылдың алдын-ала жоспарланғанына сенімді.
Қазір, шопанның отбасы мүшелерінің сөзімен фотороботтар жасалып, қаскөйлер іздестіріліп жатыр екен.
Тұрар Жақашов, Бәйдібек аудандық ІІБ бастығының орынбасары:
-Қылмыстық істі тергеу барысында өзіміздің 3-4 болжам шығарылып, бұл қылмыс ұйымдастырылған деп ойлаймыз. Себебі, барлығы кіріп бастарына бетперде кимеген, өздерін дөрекі көрсетіп, ақша бар екенін біліп, алған деп ойлап болжам бар бізде.
Ал, Нұржан Жұмабеков болса өз үйін өзі қорғаймын деп шешті. Достарымен туыстарынан қарыз алып, есік терезені темірден салдырмақшы. Бес атары да мұнан былай күндіз-түні жанында.