Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы
«Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің — Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығы туралы»
«Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің — Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығы туралы» 2001 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қаулы етемін:
1. Ядролық қаруға қарсы қозғалысты дамытуға және халықтар арасындағы достық пен бірлікті нығайтуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасының Француз Республикасындағы Елшілігінің кеңесші-уәкілі Олжас Омарұлы Сүлейменовке Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасының 2013 жылғы Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығы берілсін.
2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.НАЗАРБАЕВ.
Астана, Ақорда, 2013 жылғы 5 желтоқсан. № 706
«Татулық пен тыныштықты байлық санайтын елімізде Парламент қабылдаған ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығы бар. Биыл бұл мәртебелі сыйлық белгілі отандасымыз, көрнекті ақын, қоғам қайраткері О. Сүлейменовке берілейін деп отыр»,-деді Н. Назарбаев.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы көрнекті ақынның еліміздің мәдени және рухани өсіп-өнуіне, халықаралық ынтымақтастығына зор еңбек сіңіріп жүргенін баса айтты.
«О. Омарұлы басқарған Семей-Невада қозғалысы ядролық полигонды жабуға бірден-бір көмек болғанын білесіздер»,-деді Елбасы.