Концерт «Астана Опера» театрының үздік солистері, Веронада өткен Халықаралық конкурстың лауреаттары: Медет Шотабаев, Сүндет Байғожин, Әлфия Кәрімованың қатысуымен болады. Сондай-ақ концертте «Астана Опера» театрының жарық жұлдыздары: Жаннат Бақтай, Талғат Мұсабаев, Дина Хамзина, Маргарита Дворецкая, Гүлзат Дәуірбаева, Талғат Галеев, Галина Чеплакова, Ескендір Әбжанов, және басқалары өз өнерлерін паш етпек.
«Астана Опера» театры опералық труппасының көркемдік жетекшісі, Татарстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері Гюзель Хайбулина, концерттің өзегі — жеңімпаздарымыз Италиядағы конкурста шырқаған Д. Пуччини операсынан «Богема» және Г. Доницеттидің «Мария Стюарт» ариялары мен көріністері болатынын атап өтті. «Әлфия Кәрімованың «Мария Стюарт» операсындағы Мария Стюарт партиясын Қазақстанда орындайтын жалғыз әнші екенін айта кетейін», — дейді Хайбулина Г.
«Концертте сонымен қатар театрдың симфониялық оркестрінің үздік солистері — үрмелі аспаптар бестігі және ішекті аспаптар квинтеті өнер көрсетеді. Олар әйгілі Дж. Вердидің «Травиата» және Ж. Бизенің «Кармен» операларының оркестрмен орындалатын үзінділерін ойнайды», — деп жалғастырды Гюзель Хайбулина.
Кеште Астанада сирек орындалатын опералардан үзінділер шырқалады, олар: М. Мусоргскийдің «Борис Годунов», П. Чайковскийдің «Пиковая дама», Л. Бернстайннің «Кандид» және басқалары. Сондай-ақ концертте өнер жайлы әңгіме қозғайтын Б. Пастернактің өлеңдері жырланады. Аталған көріністің идеясында тыңдарманға шығармашылықтың атмосферасын жеткізу жатыр. Д. Пуччинидің «Богема» операсы шығарушыға, шығармашылық адамына арналған, онда ақын Рудольф, суретші Марсель, философ Колен және музыкант Шонар ұсынылады.
Концерт бір бөлімнен тұрады, басталуы 19:00-де.