Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар - kaz.caravan.kz
  • $ 464.71
  • 531.26
+21 °C
Алматы
2026 Жыл
10 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Осы апта ішінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен еліміздің екі облысының басшылары ауысып, Қазақстанның Вьетнамдағы жаңа Елшісі тағайындалды. ҚазАқпарат апта ішінде орын алған кадрлық тағайындауларға шолу жасайды.

  • 23 Желтоқсан 2013
  • 392
Фото - Caravan.kz

Сонымен, кеше Павлодар облысы активінің жиналысында ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Кәрім Мәсімов аймаққа бұрын Жамбыл облысын басқарған облыстың жаңа әкімі Қанат Бозымбаевты таныстырды. Қанат Алдабергенұлы Бозымбаев 1969 жылы 8 қаңтарда туған. 1993 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясының «Экономикалық және әлеуметтік жоспарлау» факультетін бітірген. ТМД-ның еңбек сіңірген энергетигі. 1993 ж. шілде -1997 ж. қыркүйек аралығында мемлекеттік органдар мен жеке кәсіпорындарда қызмет атқарған. 1997 ж. қыркүйек — 1997 ж. қараша аралығында — ҚР Экономика және сауда министрлігінің өңірлік саясат бөлімінің бастығы. 1997 ж. қараша — 1998 ж. қыркүйек аралығында «КазТрансОйл» ЖАҚ Ұлттық мұнай тасымалдау компаниясының қаржылық-жиынтық департаментінің бастығы, экономика мәселелері жөніндегі вице-президент. 1998 ж. қыркүйек — 2001 ж. ақпан айларында ҚР Энергетика, индустрия және сауда министрлігі, мұнай және газ департаментінің директоры, вице-министр. 2001 ж. ақпан — 2001 ж. мамыр аралығында — «Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы» ААҚ бірінші вице-президент. 2001 ж. мамыр — 2007 ж. тамыз — «Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы» АҚ президенті. 2007 ж. тамыз — 2008 ж. қазан — «Самұрық» Мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі Қазақстандық холдингі» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы. 2008 ж. қазанда — «Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы» АҚ президенті. 2009 жылдың 30 қарашасынан бастап осы кезге дейін Жамбыл облысының әкімі болды.

Сонымен қатар сол күні Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы Кәрім Мәсімов Жамбыл облысы активіне облыстың жаңа әкімін таныстырды, бұл қызметке бұған дейін облыс әкімінің бірінші орынбасары болып жұмыс жасаған Кәрім Көкірекбаев тағайындалды. Кәрім Нәсбекұлы Көкірекбаев 1957 жылы Жамбыл облысының Шу ауданында туылған. 1983 жылы Алматы темір жол транспорты институтын бітірді, мамандығы — темір жолдарды пайдалану инженері. Экономика ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын Шу станциясы локомотив депосында машинист көмекшісі болып бастады. Алматы темір жол басқармасында әртүрлі қызметтерде жұмыс атқарды. 1983-1984 жылдары Шу станциясы локомотив депосының Комсомол комитетінің хатшысы, 1986-1987 жылдары Сарыөзек станциясы бастығының орынбасары, 1987 — 1991 жылдары Алматы-2 станциясында бастықтың орынбасары, бас инженер, станция бастығы қызметтерін атқарды. 1993-1995 жылдары ҚР Көлік министрлігінің темір жол көлігі департаментінің тасуды үйлестіру және ТМД-мен өзара байланыс жөніндегі бөлімнің бастығы, 1997 жылы «Алматыжелдорэкспедиция» мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры, 1998 жылы «Астана халықаралық әуежайы» республикалық мемлекеттік кәсіпорыны бас директоры қызметтерін атқарды. Сонымен қатар, Жамбыл облысының Мойынқұм ауданының әкімі, ҚР Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау вице-министрі, «ЭйрКазахстанТур» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, «Қазақстан темір жолы» компаниясының вице-президенті, басқарушы директоры, бас инженері қызметтерін атқарған. 2009 жылдан бастап Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған.

Ал Мемлекет басшысының Жарлығымен Бекетжан Махатжанұлы Жұмаханов Қазақстан Республикасының Вьетнам Социалистік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды.


Осы аптада Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәми елордалық сот ұжымына жаңа басшысын таныстырды. Бұл лауазымға бұған дейін Алматы облыстық сотын басқарған Тілектес Барпыбаев тағайындалды. Жаңа басшыны тағайындау туралы Жарлыққа Президент 12 желтоқсан күні қол қойған болатын. Астана қаласы сотының бұрынғы төрағасы Сәкен Абдуллаев Қазақстан Республикасы Әскери сотының төрағасы қызметіне тағайындалды. Бұл қызметте ол зейнетке шығатын жасқа толуына байланысты қызметінен босатылған Серік Байбатыровты алмастырды. 2013 жылдың қараша айынан бастап С. Байбатыров Қазақстан Республикасы Судьялар одағының орталық кеңесін басқарады. Осы Жарлықпен Ақмола облыстық сотын басқарып келген Ақжан Ештай Алматы қаласы сотының төрағасы қызметіне тағайындалды. Бұрынғы басшы Мейрамбек Таймерденов Алматы облысы сотының төрағасы лауазымына тағайындалуына байланысты қызметінен босатылды. Ақмола облыстық сотының төрағасы қызметіне бұған дейін Солтүстік Қазақстан облыстық сотын басқарып келген Нұрғазы Әбдіқанов тағайындалды. Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы қызметіне бұрын Шығыс Қазақстан облыстық соты апелляциялық сот алқасының төрағасы қызметін атқарған Мұратғали Әкетай тағайындалды.

Қызылорда облыстық медицина орталығының басшысы қызметіне медицина ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Телеуов тағайындалды. Мұрат Қойшыбайұлы 1960 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. Мәскеудегі Пирогов атындағы мемлекеттік медицина институтының түлегі. Еңбек жолын Ақтөбенің аудандық ауруханасында дәрігер хирург ретінде бастаған ол 1993-2000 жылдары А.Н.Сызғанов атындағы ғылыми хирургия орталығының бас ғылыми қызметкері болды. 2001-2007 жылдар аралығында Семей мемлекеттік медицина Академиясын басқарса, 2007-2009 жылдары республикалық шұғыл медициналық көмек көрсету ғылыми орталығының бас директоры, ал 2009-2011 жылдары Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің ректоры қызметтерін атқарды. 2011-2013 жылдары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ғылым және адами ресурстар департаментіне жетекшілік жасады. 146 ғылыми басылымның, 23 жаңа әдістің авторы. Жоғары білікті дәрігер-хирург. 2003 жылдан бастап «Нұр Отан» партиясының мүшесі, 2003-2007 жылдары Шығыс Қазақстан облысының облыстық мәслихатының ІІІ шақырылым депутаты. Отбасылы, 3 бала тәрбиелеп отыр.