31 желтоқсан. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР - kaz.caravan.kz
  • $ 470.46
  • 543.1
+20 °C
Алматы
2026 Жыл
4 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
31 желтоқсан. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

31 желтоқсан. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

31 желтоқсан СЕЙСЕНБІ

Әлем әзірбайжандарының ынтымақтастық күні. Алғашқы рет 1991 жылғы желтоқсанның 16-ында әзірбайжан халқының көшбасшысы Гейдар Алиев Нахичеван Автономиялық Республикасының Жоғарғы Мәжілісінің төрағасы бола тұрып жариялады, содан кейін бұл күн әзірбайжан халқының ұлттық мейрамы болып қалды.

Қырғызстанның кеден қызметкерлерінің күні. 2006 жылғы ақпанның 15-і Қырғыз Республикасы Үкіметінің Қаулысымен Қырғыз Республикасының кеден қызметінің дәстүрін ұйымдастыру және мирасқорлығын қамтамасыз ету мақсатында бекітілген.

  • 31 Желтоқсан 2013
  • 623
Фото - Caravan.kz

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

17 жыл бұрын (1996) Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен «Шет елдерде тұрып жатқан отандастарымызды қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарлама» бекітілді.

45 жыл бұрын (1968) ТУ-144 жолаушылар ұшағы алғаш рет әуеге көтерілді.

19 жыл бұрын (1994) академик Зейнолла Қабдоловқа «Қазақстанның халық жазушысы» құрметті атағы берілді.

19 жыл бұрын (1994) әнші Мақпал Жүнісоваға «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы берілді.

9 жыл бұрын (2004) Алматыда Қазақстанның тарихы, мәдениеті және өнері туралы «World Discovery Kazakhstan» журналының бірінші саны жарық көрді. Жаңа журналда тарих, мәдениет, қазіргі Қазақстан қоғамының сана-сезімінің дамуы туралы тақырыптар қозғалады.

6 жыл бұрын (2007) Шығыс Қазақстандағы Шүлбі кентінде жаңа балалар үйі ашылды.  20 мың шаршы метрден астам ауданды құрайтын балалар үйі 160 орынға есептелген.

4 жыл бұрын (2009) Талдықорғанда алғаш рет жалпы көлемі 1,505 мың шаршы метрді құрайтын, республикалық бюджет есебінен салынған 20 пәтерлі үй жалға берілді.
Жалдамалы үйден аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы аналар, мемлекеттік қызметкерлер, бюджет қызметкерлері мен ұзақ жылдар бойы үйдің кезегінде тұрған азаматтар пәтер алды. Коммуналдық төлемдерді есептемегенде пәтерді жалға алу құны 4 мыңнан 12 мың теңгеге дейінгі аралықта.

4 жыл бұрын (2009) Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының Үміткер аулындағы мектепке ғалым-агроном Қылыш Бабаевтың есімі берілді
Қылыш Бабаев (1913-1948) — ауыл шаруашылығы саласындағы ғылым қайраткері. 1943 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері атағын алды. В.Р.Вильямс атындағы Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтын басқарды. Ленин орденімен және медальдармен марапатталған.

23 жыл бұрын (1990) Гарри Каспаров Анатолий Карповты жеңіп, шахматтан әлем чемпионы атанды.

14 жыл бұрын (1999) Борис Николаевич Ельцин Ресей Федерациясы президенті қызмметіненм кететінін ресми жариялады. Президент міндетін атқарушфы болып, үкімет төрағасы Владимир Владимирович Путин тағайындалды.

ЕСІМДЕР

100 жыл бұрын (1913-1988) тарих ғылымының докторы, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жоғары мектеп қызметкері ҚАНАПИН Әмір Қанапияұлы дүниеге келді.
М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген. Қазақ КСР Оқу-ағарту халық комиссарының орынбасары, «Социалистік Қазақстан» газетінің жауапты редакторы, Қарағанды облыстық партия комитетінің хатшысы, Алматы облыстық партия комитетінің 1-ші хатшысы, Семей облыстық партия комитетінің хатшысы, Қазақ қыздар педагогикалық институтының проректоры қызметтерін атқарды. 1955 жылы Қазақ КСР Мәдениет министрі болып тағайындалды. Қанапин өмірінің соңғы ширек ғасырын оқытушылық қызметке арнап, Алматы шет ел тілдері институтында кафедра меңгерушісі болып істеді. Жас мамандар даярлауға, ғылыми кадрларды жетілдіруге лайықты үлес қосты. Оның жетекшілігімен 20 ғылым кандидаты диссертация қорғады.
Ленин, Еңбек Қызыл Ту, 1-ші дәрежелі «Отан соғысы», екі мәрте «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.

100 жыл бұрын (1913-1975) әдебиетші-ғалым ЖИРЕНШИН Әбусағит Мұсылманқұлұлы дүниеге келді.
Ол Қазақстан ғылыми-зерттеу қоғамының төрағасы, Қазақ КСР Орталық мұражайының директоры, Қазақстан Мемлекеттік кітапханасының директоры болып, Республикалық кітап сауда бірлестігін басқарған. Оның «Абай — қазақ халқының ойшылы», «Абай және орыстың ұлы демократтары», «Қазақ кітаптарының тарихынан» атты монографиялық еңбектері жарық көрген.

99 жыл бұрын (1914-1974) жазушы, аудармашы, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты САТЫБАЛДИЕВ Әбен дүниеге келді. Тараз қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. 1939-1962 жылдары — «Оңтүстік Қазақстан» облыстық газетінің әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінің меншікті тілшісі, бөлім меңгерушісі, «Ара» — «Шмель» журналының жауапты хатшысы, «Жұлдыз» журналы бас редакторының орынбасары, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы. 1968-1974 жылдары Қазақ КСР Ғылым Академиясы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, Қазақ Совет энциклопедиясы бас редакторының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған. «Рухани қазына» ғылыми еңбектер жинағының, «Ақмарал» әңгіме, очерктер жинағының авторы. И.Гончаровтың «Жар» романын, Б.Полевойдың «Нағыз адам туралы аңыз», Ф.Гладковтың «Балалық шақ» повестерін, А.Қаһардың «Қыштақ», Ш.Рашидовтың «Дауылдан да күшті» романдарын қазақ тіліне аударған.

89 жыл бұрын (1924-1991) ғалым, өнертану ғылымдарының кандидаты, профессор БИСЕНОВА Ғафура Нұрғалиқызы дүниеге келді. Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданында туған. Орал педагогикалық институтын (М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университет), Алматы консерваториясын (Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірген. Орал педагогикалық институты физика-математика факультетінің оқытушысы болған. 1953-1967 жылдары — Қазақ радиосының көркемдік жетекшісі, Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитеті үгіт-насихат бөлімінің нұсқаушысы. 1967 жылдан Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры, қазақ музыкасы мен фольклоры кафедрасының профессоры қызметтерін атқарған.
Ғылыми еңбектері қазақтың халық музыкасын зерттеуге, негізінен Абайдың ән шығармашылығына арналған.

88 жыл
бұрын (1925-1997) музыкатанушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері РСАЛДИН Жиенбек Жұманбайұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысы Жаңарақа ауданында туған. Қарағанды педагогикалық институтын, Алматы мемлекеттік консерваториясын (Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы) және оның аспирантурасын бітірген.
1958-1966 жылдары — Қазақ телевизиясы мен радиосының музыкалық редакторы, бас редакторы және көркемдік жетекшісі. 1966-1968 жылдары — Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының Әдебиет жене өнер институтының кіші ғылыми қызметкері. 1968-1971 жылдары — Қазақ энциклопедиясы Өнер және сәулет редакциясының меңгерушісі. 1971-1975 жылдары — Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің мәдениет бөлімінің нұсқаушысы. 1975-1984 жылдары — Чайковский атындағы Алматы музыкалық училищесінің директоры. 1984 жылдан Қазақ КСР Орталық Мемлекеттік мұражайының музыка мәдениеті бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған.
Мәдениет саласы бойынша ғылыми-зерттеу еңбектердің, кітаптардың, брошюра, мақалалардың авторы. Біржан сал, Құрманғазы сияқты әнші, күйшілердің шығармаларын зерттеген. «Қазақстан композиторларының ән творчествосы», «Ахмет Жұбанов», «Алтыншаш», «Қыз Жібек», «Әннен-операға», «Әнші бақыты» атты еңбектері жарық көрген.

63 жыл бұрын (1950) «Түркі академиясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының президенті, филология ғылымының докторы, профессор, ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, Қазақстан Ғылым академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығының лауреаты ИБРАЕВ Шәкір дүниеге келді.

Қызылорда облысы Шиелі ауданында туған. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), КСРО Ғылым академиясы Шығыстану институтының аспирантурасын бітірген.
Еңбек жолын Қазақ КСР Ғылым академиясы Әдебиет және өнер институтының аға лаборанты, кіші ғылыми қызметкері болып бастаған. 1982-1989 жылдары — Қазақ мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, доценті. 1989-1995 жылдары — Қазақ КСР Ғылым Академиясы Әдебиет және өнер институты жанындағы Ғылыми қолжазбалар орталығының жетекшісі. 1995-2001 жылдары — Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры. 2000-2001 жылдары — Эгей университетінің профессоры (Түркия). 2001-2003 жылдары — Қожа Ахмет Иасауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің вице-президенті (проректоры). 2003-2007 жылдары — Қожа Ахмет Иасауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы ғылыми орталықтың директоры қызметтерін атқарған. 2007-2010 жылдары — Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры. 2010 жылдың қараша айынан — қазіргі қызметінде.
«Қазақ эпосы», «Эпос әлемі», «Қорқыт ата кітабы» атты кітаптардың және 60-тан астам ғылыми жарияланымның авторы.
«Түрік әлеміне сіңірген ерен еңбегі үшін» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Ғылым және білім министрлігінің мемлекеттік ғылыми стипендиясының иегері, Халықаралық Шығыстану қоғамдастығының мүшесі, Халықаралық Фольклор комитетінің мүшесі. 2002 жылдан «Түркология» халықаралық журналының бас редакторы, Шыңғыс Айтматов Халықаралық қоғамдық академиясының нақты мүшесі, 2004 жылдан Түрік әлемі қауымдастығының атқарушы директоры. 2010 жылдың 10 қарашасында Халықаралық түркі академиясының президенті болып сайланды.
20-дан астам Халықаралық конгресстер мен ғылыми-теориялық конференцияларға қатысқан. 120-дан астам ғылыми мақалалары мен баяндамаларының, 7 монографияның авторы, 10-нан астам ғылыми жинақтарды басып шығарған.

175 жыл бұрын (1838-1929) француз саяси қайраткері, Франциядағы Үшінші республиканың президенті Эмиль Франсуа ЛУБЕ дүниеге келді.

155 жыл бұрын (1858-1899) литвалық композитор, прозашы, сыншы, аудармашы, ақын Винцас КУДИРКА дүниеге келді.

144 жыл бұрын (1869-1954) француз кескіндемешісі, мүсінші Анри Эмиль Бенуа МАТИСС дүниеге келді.

80 жыл бұрын (1933-2009) кеңестік және ресей киносының таңдаулы комедиялық актерлерінің бірі ФАРАДА Семен Львович (шын тегі — Фердман) дүниеге келді.

67 жыл бұрын (1946-1986) кеңестік мәнерлеп сырғанаушы, мұз үстіндегі биден Олимпиада чемпионы ПАХОМОВА Людмила Алексеевна дүниеге келді.