Ғабдолла Әшімов, «Astana Motorsports» командасының штурманы:
-Біз ол резеңкені лақтырып тастай алмадық, ұйымдастырушылар егер жолда қоқыс қалдырсаңдар айыпталасыңдар деп ескертті. Яғни жарыс уақытымыз есептелмейді. Сондықтан осындай жағдайға тап болды, дегенмен қалған экипаждар үздіктердің қатарынан табылар деп сенеміз.
Осылайша көліктерінің күлі көкке ұшқан экипаж бүгін-ертең елге оралмақ. Жалпы Дакардың екінші тәулігі талайдың темір тұлпарын жолда қалдырды, талайдың сағын сындырды. Мәселен аузымен құс тістеген ресейлік Айрат Мардеевтың жүк көлігі төбесімен төңкеріліп түсті. Біздің мәреге жеткен тіс қаққан шабандоздардың көліктері де әбден қажыған. Бірақ таң қылаң берісімен үшінші кезең басталады, соған түнімен дайындық жасалуда. Өйткені Дакар ешкімді күтпейтін әлемдегі ең талабы қатал жарыс екені әмбеге аян.
Артур Ардавичус, «Astana Motorsports» командасының пилоты:
-Бүгін өте ауыр тәулік болды. Бәрі дұрыс тек көліктің қозғалтқышы істен шықты. Оталдыру мүмкін болмай жатыр. Бірақ таң атқанша бір амалын тауып жарыс жолына шығатынымызға сенімдіміз.
Осылайша Аргентинадағы Дакардың алғашқы жарыс күні төрт көзі түгел мәреге жеткен шабандоздар екінші тәуліктен бастап нағыз раллидің дәмін сезді. Ұйымдастырушылар алдағы 8000 шақырымға жуық жарыс жолы күн өткен сайын қиындай беретінін ескертті.