Бұл туралы сейсенбі күні «Аман-саулық» қоры хабарлады.
Хабарламаға сүйенсек, «Қазірдің өзінде «Аман-саулық» ҚҚ өкілдері мен мамандар Алматы білім басқармасымен бірлесе отырып, балалар үйлері мен интернаттардың тәрбиешілерімен, тәрбиеленушілерімен және педагогтармен жасөспірімдердің жыныстық және репродуктивтік құқықтары туралы әңгіме жүргізіп жатыр».
«Статистикалық деректер бойынша, қазір Қазақстанда 17 мыңға жуық отбасы бедеулік зардабын тартып отыр. Бұған негізінен жас кезде жасанды түсік жасату, төсек қатынасы арқылы таралатын жұқпалы аурулар әсер етеді», — дейді қор президенті Бақыт Түменова, делінген хабарламада.
Оның айтуынша, зерттеу нәтижесінде жасөспірімдердің 10 пайызының 14 жасқа дейін жыныстық қатынасқа түсетіні белгілі болған.
«Қазір Қазақстанда жасөспірімдерге репродуктивтік және жыныстық құқық туралы білім беретін пән оқытылмайды. Салдарынан жастар отбасылық өмірге мүлдем дайындықсыз барады. Көбіне бұл отбасынан тыс жерде тәрбиеленетін балаларға қатысты проблема. Сондықтан, біздің мақсатымыз жасөспірімдерге денсаулықты, соның ішінде репродуктивтік және жыныстық денсаулығын сақтауға көмектесетін білім беру болып табылады», — деді Б.Түменова.
Қор мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда жасалатын түсіктердің 3 пайызы жасөспірім-қыздардың еншісінде. 2011 жылы 15 пен 19 жас аралығындағы 12 мың 632 қыз бала дүниеге сәби әкелген. Зерттеу нәтижесіне қарағанда, жас қыздардың 21,5 пайызы 15-17 жасынан бастап жыныстық қатынасқа түседі. Ал, ВИЧ дертіне шалдыққандардың арасында инфекцияны жыныстық жолмен жұқтырғандар саны көбейіп барады. Аталған індетке шалдыққандардың 43,5 пайызы 15 пен 29 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастар көрінеді.