Аналарының соңғы аманатын арқалап шыққан атбасарлық азаматтар ақтүтек боранда 30 шақырым жердегі зиратқа жете алмай сабылған. Ақыры қарға кептелген көліктерін шығара алмай, жолда түнеуге тура келді.
Болат Қожаев, марқұмның туысы:
-Қаражар деген ауыл бар. Апамызды жерлеу керек. Кеше таңертең сағат 10-да. Содан бері боран басталды. Бәрі жақындар, туыстар, балалар немерелер бар. Әлі қойған жоқпыз.
Атбасар ауданындағы құтқару қызметінен өрт сөндіру көлігінен басқа техника табылмады. Одан қайыр болмаған соң әкімдік Атбасар-Астана тас жолындағы қар тазалайтын көліктерді жіберген. Анасының мәйітін зиратқа жеткізе алмаған 50 адам осы техниканың көмегімен шығарылып, жақын маңдағы мектепке орналасыпты. Жалпы діттеген жеріне жете алмай, көлігін тастап кетіп жатқандар да көп. Өйткені қалың қар дер кезінде аршылып болмай жатыр. Азап шеккендер ақыры оны күрекпен тазалап әлекке түсті.
-Мынау республикалық трасса ғой. Неге ашпайды енд?. Қашанға дейін енді бейнет көреміз. Таңғы 7-ден осы жерде жүрміз.Кешеден бері жатырмыз міне, қашан кетеміз.
Ал құтқарушылар жолда қалғандардың бәріне бірдей үлгере алар емес. Осындай қарыс қадам көрінбейтін боранда 5 бірдей адам адасып, біреуі үсіп өлген.
Нұржамал Аябекова, Ақмола облыстық ТЖД баспасөз хатшысы:
-Күрделі ауа райы сақталуына байланысты құтқарушылар тобы күндіз-түні кезекшілік етуде. Облыстағы жолдардың қар құрсауында қалған 127 автокөлік, 2 автобус құтқарылды. Нәтижесінде 240 адам эвакуацияланды.
Дәл осындай жағдай кешелі бері еліміздің бірнеше өңірінде болып, қатынас қиындаған еді. Қазір Солтүстік, Орталық Қазақстан мен Ақтөбе облыстарында күшті боранның беті қайтқан. Синоптиктер енді алдағы күндері осы аймақтарда және оңтүстікте аяз болады деп болжап отыр.