«Kaspi bank»-пен несиелік келісім-шарттарды бұзу үшін сотқа арызданған 39 борышкердің саны екінші отырыста-ақ сирей бастады. Ісін сот арқылы шешкісі келген азаматтың жалақысын алуға қаржы институты тыйым салған соң ол арызын қайтарып алыпты. Ал өзгелері алған бетінен қайтпай, есеп-қисаптың қалай жүргізілгенін түсіндіруді талап етуде.
– Есептері әртүрлі. Бұл қалай сонда?
Жылдар бойы артық төлегеннің өзінде қарызынан құтылмаған азаматтар банкті қосымша комиссиялар салғаны үшін айыптауда. Сондықтан бүгін барлық төлемдердің қалай жүргізілгенін бүге-шүгесіне көрсетуді сұрады.
Ермек Нарымбаев, Қоғамдық белсенді:
–Банк несие беру кезінде қаржы соммасы, пайыз және мерзімді негізге алуы тиіс. Бірақ «Kaspi bank» осы көрсеткіштердің бірін де ашық түрде жарияламаған. Сондықтан олар өздері қалаған мөлшерде үстеме ақша алып келеді.
Ал жауапкер тарап несие беру кезінде тұрақты пайыздық көрсеткіш ұстанбайтындығын жасырмады. Яғни әркімнің қаржылық жағдайына орай үстеме пайыз есептелетін көрінеді.
Ербол Азанбеков, «Kaspi bank» өкілі:
–Несиенің пайызы несие түрі мен адамның жеке келісім-шартта көрсетіледі. Мысалы нақты бір несие бойынша 20 пайыз, екіншісі бойынша 30 пайыз деп көрсету мүмкін емес. Ол әрбір адамның қаржылық төлеміне байланысты.
Еліміздегі банктердің осындай несие саясатын енді Ұлттық банк жіті тексермек. Өйкені қаржы институттары үстеме пайызды шектен асырды деген 5 мың азаматтан шағым түсіпті. Тексеру қорындысын да жақын уақытта жариялаймыз деп отыр.
Қайрат Келімбетов, Ұлттық банк төрағасы:
– Жеке тұлғалардың несиелерінің ставка көлемі қанша, 56 пайыздан асады ма, аспайды ма сол туралы көптеген мәселелер бар. Бізде арнайы комитет бар, сол комитет талдау жасап жатыр.
-Ұлттық банк төрағасы тексеру қорытындысы бойынша талапты бұзған банктерге қандай шара қолданылатындығын ашып айта қоймады. Сондай-ақ ісі сотта қаралып жатқан «Kaspi bank»-тің процесінде үшінші жақ ретінде олардың қатысу-қатыспауы қазірше белгісіз. Ал Ермек Нарымбаев өз қорғауындағы азаматтардың төлем жүргізу кестесін алған соң, оған тәуелсіз сарапшылардың баға беруін талап етпек.