Зауытта қайта өңдеу арқылы жоғары сапалы жаңа материал — «Smart Rubber» (ақылды резина) деп аталатын белсенді резина түйіршіктерін, сонымен қатар ауылшаруашылықта кеңінен пайдаланатын, жерасты суландыру технологиясына аса қажетті «Smart Drob» түтікшелерін де жасап шығармақ.
Облыс басшысы аталмыш зауыттың аймақ экологиясын жақсартуға бағытталған бірден бір өнеркәсіп екенін айта отырып, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Өнертапқыш және «Smart Rubber» ЖШС-нің құрылтайшыларының бірі Герхард Фридель хабарлағандай, зауыттың бар мүмкіндігін іске қосса, яғни тәулігіне 24 сағат өнім шығарғанда, 50-ге жуық адамды жұмыспен қамти алады. Неміс технологиясымен салынған зауыт жылына 270 тонна резина түйіршіктерін, асфальтбетонға пайдаланатын 440 тонна белсенді резина ұнтағын және 3,9 млн. метр жерасты суаруға арналған түтікшесін шығаруға қуатты. Мұндай бұйымның шикізаттын облыс өнеркәсіптерінен ақылы негізде қабылдауға алдын ала келісім-шарт жасасқан зауыт басшылығы көрші облыстардан да сұраныс тауып отырғанын атап айтты. Зауыттың негізгі тұтынушылары еліміздің егін шаруашылығы мен бақша өнімдерін өсіру жақсы дамыған оңтүстік аймақтары — Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстары болмақ.
«Қазақстан Республикасының заңына және экология Кодексіне сәйкес, тозығы жеткен автокөлік дөңгелектерін көмуге немесе жағуға тиым салынған. Оны тек химиялық және механикалық жолмен қайта өңдеу рұқсат етілген. Химиялық жолмен өңдегенде, қоршаған ортаны ластайтын улы газ бөлінетіні бәріңізге белгілі. Сондықтан біздің зауыттың ұсынып отырған өнімі экологиялық таза әрі үнемді,- дейді зауыт директоры Бижан Жанамқұлов.
Айта кетейік, Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттіктің инновациялар үшін бөлінетін грантына салынған бұндай зауыттың бірі еліміздің бас қаласы Астанада ғана бар.